Құрманғазылық азамат Башқұртстанда су жорығына қатысты

(0 Votes)

Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай, Ресейдің Башқұртстан еліне Қаз ИИТУ оқытушыларының және Орал өңірі туристерінің ұйымдастыруымен су жорығы өтті. Жорық қазақтың қаһарман қыздары, Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова, Маншүк Маметова, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойған шарадан бастау алды.

Онда аталған университеттің қоғамдық-гуманитарлық кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Қисыметов, саяси-идеологиялық жұмыстар және қоғамдық байланыс бөлімінің меңгерушісі А.Маратова сөйлеп өрімдей жастығына қарамастан қалың жаумен қаһармандықпен шайқасқан үш арудың ерліктері жастарды отансүйгіштікке баулуда маңызды рөл атқара беретініне тоқталды. Осы жорыққа Хиуаздың жерлесі ретінде Құрманғазы аудандық Жас туристер станциясының директоры Алмажи Өтегенов арнайы шақырылып, қатысып қайтты. Су жорығына қатысушылар Орал (ҚР) – Орынбор (РФ) – Саракташ – Зилайр – Юлдыбаево ауылдарында – Сакмара өзенінде (Башқұртстан) болды. 55 шақырымдық жорық Башқұртстанның Юлдыбаева ауылынан басталып, Верхнегеляево ауылында аяқталды. Жорыққа Қазақстан инновациалық және телекоммуникациялык жүйелер университетінің аға оқытушысы Қуаныш Аққалиев жетекшілік етті. «Үш күнге созылған су жорығы өте қызықты өтті. Сакмара өзені бойындағы шоңғалдардан, табалдырықтардан өту барысында кездескен қиындықтарды толқынмен арпалысып, табандылықпен, аса ұйымшылдықпен жеңдік. Елге жақсы әсермен оралдық. Ұйымдастырушылар келесі жылы үш қаһарман қыздың туған жерлеріне веложорық, Ұлы Жеңістің 80 жылдығында сол апаларымыздың соғысқан, қаза тапқан орындарына арнайы жорық жасауды жоспарлап отыр. Мұның бәрі желкілдеп өсіп келе жатқан жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін қажет», дейді Алмажи Тағанқожаұлы.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT