Құрманғазылық айтыс ақынына құрмет көрсетілді

(0 Votes)

Қазақ өлең-жырды құрметтеп, ақындарын аялап, төбесіне көтерген халық. Ғасырларға жалғасқан сол үрдістен бүгін де жаңылған жоқ.

Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы шығармашылық орталығында «Елеулі есімдер» жобасы аясында, 65 жасқа толуына орай айтыскер ақын, Қазақстан жыршы-термешілері бірлестігінің мүшесі, жерлесіміз Мүтоиғолла Ғанидың «Атырау – елім, Оралым - төрім» атты шығармашылық кеші өтті. Кешті аталған орталық пен Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы ұйымдастырды.

Шара барысында айтыс ақынының шығармашылық жол таныстырылып, өлеңдері оқылды. Сөз берілген лауазым иелері тарапынан Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының әкімі Т.Шиниязов, Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы басшысы С.Дүйсенов, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Б.Халиолла атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлық табысталып, шапандар жабылды. Мүтиғолла Ғаббасұлының жазба поэзиядағы ұстазы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Мәліков тереңнен тебірене ой қозғап, шәкіртінің қалыптасу жолын қызықты әңгімелеп, мақтаныш тұтатынын жеткізді. Осындай жүрек төрінен жарып шыққан ақ тілектер Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Қ.Бердіғалиев, «Жайық Ақпарат» медиахолдингінен қатысқан жас ақын А. Қаршыға тарапынан да айтылды. Жерлесіміз Жәнібек ауданында шығармашылық кешін өткізуге шақырылды.

Соңында Мүтиғолла Ғани өзіне көрсетіліп жатқан құрметке шынайы ризашылығын білдіріп, шараны ұйымдастырушыларға жемісті еңбек тілеп, Жәнібек ауданында шығармашылық кешін өткізуді алдағы күндердің еншісіне қалдырып отырғанын мәлімдеді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT