Құрманғазыға "Саламатты Қазақстан" пойызы келді

(0 Votes)

Шалғай жатқан елді мекендердегі халыққа медициналық көмек көрсету үшін «Саламатты Қазақстан» пойызы 26 сәуірден 6 желтоқсанға дейін Қазақстанды араламақ.

Бүгін бұл пойыз ауданымыздың Ақкөл стансасына келді. Мұнда пойыз 2 күн аялдайды. Пойызда дәрігерлер жұртшылыққа тегін көмек көрсетеді. Сондай-ақ ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен халыққа заң тұрғысынан және құқықтық, психологиялық кеңес беріледі.

Бұдан бөлек, тұрғындар мемлекеттік әлеуметтік қолдауларға қол жеткізу, зейнетке шығу, әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек алу жөнінде консультациядан өтулеріне мүмкіндік қарастырылған. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның Әлеуметтік жобалар қоры Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен бірлесіп атқарып отырған әлеуметтік жобасы.

Ауыл тұрғындарына тегін медициналық қызмет көрсету мақсатында ауданымызға ат басын бұрған ақ халатты абзал жандарды аудан әкімі Абат Жанғалиев бастаған бір топ құрманғазылықтар сән-салтанатымен күтіп алды. Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы жергілікті әкімдік тарапынан меймандардың Ақкөл, Афанасьев ауылдарында өтетін жұмыс сапарлары барысында оларға қажетті бар жағдайдың жасалатындығын тілге тиек етіп, қош келдіңін айтты.

Өз кезегінде меймандардың атынан «Саламатты Қазақстан » медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева мамандандырылған пойыз 8 вагоннан тұратынын жеткізіп, медициналық көмек көрсететін мамандарға тоқталып өтті.

Бұл жобаның басты мақсаты – медициналық қызметке қолы жетпейтін шалғай ауыл, елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Көмек көрсететін мамандардың қатарында терапевт, кардиолог, лор дәрігері, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, стоматолог бар.

Медициналық пойызда биохимиялық талдаулар, флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмма және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік бар. Жұмыс уақыты әдеттегі кестеге сай өтеді. Жергілікті және аудан орталығының тұрғындары станса басына жиналып, бірінен соң бірі дәрігерге қаралып жатты.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT