Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиевтің төрағалығымен аудан бойынша зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күресті ұйымдастыру жөніндегі штаб отырысы өтті, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жиынға аудандық ауыл шаурашылығы және жер қатынастары бөлімі, аудандық аумақтық инпекциясы, республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы аудандық филиалының мамандары және округ әкімдері қатысты.
Штаб отырысын оның төрағасы ашып, күн тәртібіне сәйкес аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Арман Құмарғалиев баяндама жасады.
Аумақтық инспекция басшысы атап өткендей, биыл Құрманғазы ауданы бойынша үйірлі шегіртке тұқымдастарына қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын 25 100 га жерге жүргізу көзделсе, оның ішінде қыр бойындағы итальян прусына 4 800 га жерге, теңіз жағалауындағы шабындықтардағы азият шегірткесіне 20 300 га жерге өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар, аумақтық инспекция басшысы Арман Құмарғалиев заңға сәйкес, аудан бойынша жер иелері пайдаланып отырған жерді қоршаған ортаға зиян тигізбейтіндей таза ұстауға міндетті екендерін ескертті.
Еске сала кетсек, шегіртке тұқымдастарына қарсы өңдеу жұмыстарына қаражат республика бюджетінен бөлінеді.
Дернәсілдерге қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмысы басталғанға дейін барлық ауылдық округ әкімдеріне, шаруашылық құрылымдарына дабыл хабарламалар беріліп, сақтық шараларын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі.
Штаб отырысын қорытындылаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Ғаділханұлы ауыл шаруашылығы бөлімі өкілдері ауылдық округ әкімдігімен бірлесе отырып, техниканың дайындығын, препараттардың бар-жоғын тексеріп, мамандармен және халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, ол зиянкестермен күрес қадағаланып, оның таралуына жол бермес үшін барлық ауданға қарасты қожалықтар мен шаруашылық иелері бірігіп еңбектену керектігін жеткізді.