Құрманғазыда жаңа нысандар көбеюде

(0 Votes)

«Елу жылда ел жаңа», дегендей, соңғы отыз жылда Құрманғазы ауылы адам танымастай өзгерді. Оған Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Егемендік алғанға дейін көшелерінің шаңы аспанға көтеріліп жататын. Сән-салтанаты жарасқан ғимараттары да жоқ Одақтың провинциялық типтегі елеусіз қалған бір елді мекені едік.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында іргелес Ресейге көшіп кеткен бір жерлесіміз жақында ауданымызда өткен тойға келгенде:

«Құрманғазы ауылы көп өзгеріп кеткен екен. Бұрынғы шаңы бұрқырайтын көшелер, ескі ғимараттар жоқ», деп таңғалған.

Шынымен де ауылымызды Одақ тараған кездегімен салыстырсақ, мүлдем өзгергеніне көзіміз жетеді. Бұрын ауданның дәл ортасында тозығы жеткен ескі мәдениет үйі болды. Қазір оның орынында заманауи қос қабатты әсем ғимарат «Жұлдыз» бизнес орталығы тұр. Көркі көз тартатын «Халу» дүкенінің орынында бір қабатты, ескі ауласы бар асхана болған-ды.

Ескі үйлер орналасқан базар маңында «Мерей», «Жайнар» сауда үйлері бой көтеріп, ауылымыздың сән-салтанатын арттырды. Бұрын жартылай түрлі-түсті шынымен көмкерілген құрылыстарды Астрахан қаласынан ғана көріп едім. Енді бізде де дәл сондай жастар ресурстық орталығы бар. Аудан орталығындағы бір мұнаралы, қос күмбезді «Темірәлі» мешіті шығыстық архитектурамен салынғандықтан бұрыннан бар нысан сияқты көрінеді.

Біраз жылдар бұрын ауданымызға келгендердің бәрі міндетті түрде сонда болып, жаңа отбасы құрған жастар алдында естелік суретке түсетін. Шағын ғана тұрмыстық заттар дүкенінің орынында «Үш ару» тойханасы орналасқан. РТС ауылындағы қос қабатты «Думан Plaza» тойханасы да ауыл көркін ашатын құрылыстар қатарына жатады.

Жалпы ауданымызға сән берген осындай құрылыстар аз емес. Бұлардың бәрі дамыған жеке кәсіпкерліктің жемісі. Мемлекеттің шағын және орта бизнеске көрсеткен қолдауының нәтижесі. Бірақ, жеке кәсіпкерлер осындай әдемі нысандар салғанда, мемлекет тарапынан жасалған құрылыстар бір-бірін қайталай береді. Оларды салғанда Президентіміз Жолдауында айтылғандай ескі құрылыс стандарттары мен нормаларынан шыға алмайтын тәріздіміз. Ауылға сән беріп тұрғаны С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі ғана.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Новоникольское ауылында спорт кешені жан-жағы көк шынымен көмкеріліп, ақ мрамор бағаналары бар етіп салыныпты. Оның суретін көріп біздің аудан орталығындағы денешынықтыру және спорт кешені сондай болғанда ауылымыздың көркін аша түсер еді деп ойладық. Новоникольское ауылының мемлекеттік ғимараттарын қарасаң бәрі де заманауи типте. Ал, біздегі қызыл кірпіштен салынған нысандар заманауи дегеннен гөрі Одақ кезіндегі кірпіш зауытына ұқсайтын қораптар. Мұнайлы өңірде отырып, Солтүстік Қазақстанның шағын ауылындай бола алмағанымыз ұят-ақ. Шығыстық архитектура стилінде салынған Ақкөл ауылындағы балабақша сияқты ғимарат аудан орталығына да керек. Сонда сәніміз кіре түсетіні анық. Біз отыз жыл бойы қатып қалған стандарттармен келе жатырмыз ғой. Сондықтан оны өзгертетін кез жеткен жоқ па? Қашанғы таптаурын жолмен жүреміз? Құрманғазы ауылына келген қонаққа бізде осындай нысандар бар деп жоғарыда айтылған жеке кәсіпкерлер салған нысандардан басқа нені көрсетеміз? Қалаларға барғанда өткен ғасырлардан қалған тарихи ғимараттарды көріп сүйсінеміз. Өзіміз келер ұрпаққа не қалдырамыз? Алға қарай құрылыс нысандарын салғанда оның кескін-келбеті бұрынғыларға ұқсамайтыны, ауылға сән беріп тұратыны ескерілсе одан ұтылмасымыз анық. Тамылжыған табиғаты бар, жасыл желекке малынған туған ауылымыздың сәнді, өмір сүруге қолайлы болғанын қалаймыз.

Сондықтан, мемлекеттік жаңа нысандардың құрылысы жоспарланғанда олардың архитектуралық кескін-келбетіне де мән берілсе екен дейміз. Құрылыстың жаңа кодексі осы мәселені шешеді деген сенімдемін.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT