Құрманғазыда үлгілі отбасылармен кездесу өтті

(0 Votes)

Аудандық орталық кітапханада «Шуағын шашқан шаңырақ» атты өнегелі отбасылармен кездесу кеші өтті. Қоғамда отбасының алар орнын насихаттаған шараның шымылдығын кітапханашы Меңдісұлу Меңдіханқызы ашып, шақырылып отырған қонақтарды ортаға шақырды.

Кездесудің басты кейіпкерлері ауданымыздың өркендеуіне еңбектерімен үлес қосып, ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған алтын той иелері, қарапайым еңбегімен еленген Тусубалиевтер отбасы, шаңырақтың құт берекесін асырып отырған, өнегелі жанұя Құмаровтар отбасы, сонымен бірге отау құрғандарына 25 жыл толып отырған Мұқашевтар және Қойшиевтер отбасы өмірлерінің сырлы сәттері, еңбек жолдары, бала тәрбиесіндегі ұстанымдары, тату-тәтті отбасының құпиясымен бөлісті.

Келесі кезекте ортаға жаңа отбасын құрған жас жұбайлар Кисимов Бекарыс және Қосаева Айдана ортаға шақырылып, АХАЖ бөлімінің маманы Б.Темірғалиев неке қию рәсімін жасап, неке куәлігін табыстаса, отау құрғандарына 50 жыл толған, жапырағы жайылған берекелі жанұяның қос бәйтерегі Николай Кенжебайұлы мен Гүлжиян Қуандыққызы жастарға ақ батасын беріп, отбасының нышаны ретінде бабаларымыз киелі санаған қамшы, шаңырақ табыстады.

Құттықтау сөз сөйлеген ауыл ардагерлері, ауданның Құрметті азаматтары Ж.Ғұмаров, Р.Сұлтанияев, білім саласының ардагері М.Қуанғалиева өнегелі отбасыларға игі тілектерін арнаса, жас отбасының анасы Н. Алипова ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Құрманғазы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Г.Төкестаева, аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Анар Нуриқызы шақырылған қонақтарға ризашылығын білдіріп, құттықтау хаттар, естелік сыйлықтар табыстады. Смағұл Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің әншісі Ерасыл Самиғоллаевтың орындаған «Әке, ана» әні көрермен көңілінен шықты.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521