Бүгін, 5 қыркүйек — Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым, түркітанушы, қазақ тілі білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
2017 жылы ҚР Премьер-министрінің қаулысымен Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді. Үкіметтің «Қазақстан Республикасында мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланады. Бұған дейін Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте атап өтілетін. Алаш баласы Ахаңды алғашқы ағарту министрі болғаны үшін ғана емес, ұлтының жолында басын бәйгеге тігіп, халқына қалтқысыз қызмет еткені үшін ардақтайды. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ұлт ұстазы ғибратты ғұмырын тілді тұғырға қондыруға арнады. Ендеше, қазақ тілімен бірге Ахмет Байтұрсынұлыны мұрасы да жасай беретіні сөзсіз.
Атаулы күнге орай аудандық орталықтандырылған кітапханада «Ана тілім – мақтанышым, мерейім» атты тіл білгірі сайысы ұйымдастырылды. Оған аудандық аурухана ұжымынан «Абзал жандар», жастар ресурстық орталығынан «Жастар», аудандық музейден «Болашақ», №7 өрт сөндіру бөлімінен «Құтқарушылар» командасы қатысты.
Жүргізушілер сайысқа қазылық етуші әділқазылар алқасымен таныстырды. Танымдық доданың «Даталар сөйлесін» кезеңінде топ мүшелері еліміздегі елеулі оқиғаларға қатысты берілген даталарды анықтайды. Одан әрі «Мына сөзді кім айтқан?», «Тіл өнері», «Капитандар сайысы», «Үй тапсырмасы» кезеңдері жалғасын тапты.
Айнагүл Күнұзаққызы