Құрманғазыда Рәміздер күні аталып өтті

(0 Votes)

Рәміздер – Тәуелсіз мемлекет екенімізді айшықтайтын басты нышандар.

Қазақстан Республикасы бодандықтың бодауынан азат болып, тарих сахнасынан өз орынын алғаннан бері әлемнің түрлі елдерінің төрінде Әнұранымыз төрт мыңнан аса шырқалған екен. Елтаңбамыз әдемілігі мен ерекшелігі жағынан мемлекеттер арасында тоғызыншы орынды иеленді. Жаһан төрінде сан мәрте желбіреген, көк байрағымыз да түсі мен ұлттық нақышты танытуымен әлемдік қоғамдастық тарапынан лайықты бағасын алды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күніне орай Құрманғазы ауылдық округіндегі демалыс алаңында «Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі» атты салтанатты шара өтті. Мемлекеттік туды көтеру рәсімі аудан мақтаныштары, бокстан әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекболат Құрамысов пен аудандық, облыстық, республикалық байқаулар мен пәндік олимпиадалардың жеңімпазы, Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің биылғы жылғы түлегі Гүлнар Дінибекқызына ұсынылды.

Аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов құттықтау сөз сөйлеп, рәміздеріміздің мәртебесі биіктей берсін деген ізгі тілегін жеткізді.

Мерекелік шараны Абай атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Рүстем Тоқаев жүргізіп, аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, оқушылар тобы флешмоб биледі. Көк туларымыз желбіреп, мерекенің сән-салтанатын асырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521