Аудандық Жастар ресурстық орталығында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен аталған орталықтың ұйымдастыруымен 15 мамыр – Отбасы күніне орай «Позитивті ойлау – берекелі отбасының бастауы» атты тренинг өтті.
Шараны аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Елшат Асқар ашып, қатысушыларды таныстырып, сәттілік тіледі. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Рүстем Нәсиболлаев: – 10 наурыздан бастап бөліміміз жанынан әйел азаматтарға отбасылық қолдау көрсету кабинетін аштық. Екі маманды жұмысқа алдық. Бұл кабинет құқықтық және психологиялық жағынан кеңес беру, көмек көрсетумен айналысады. Барлық құралдармен жабдықталған. Наурыз айында ашылғаннан бері 9 отбасында зардап шеккен әйелдер келіп оларға көмек беру жұмыстары жүргізілді. Оған қоса 5 адамының үйлеріне мамандарымыз барып, жағдайлармен танысып, кеңестер берді.
Полиция бөлімімен тығыз байланыстамыз. Көбіне отбасынан зардап шеккен әйелдерден арыз түседі. Ауданымыз бойынша полиция бөліміне 69 адам арызданған. Соның ішінен 2 әйел бала-шағасымен Атырау қаласындағы дағдарыс орталығына орналастырылды. Алға қарай бұрынғы аурухана ғимаратына ағымдағы жөндеу өткеннен кейін отбасылық қолдау көрсету кабинетін сонда көшіріп, оның балалар бөлімі болған орынынан дағдарыс орталығы етіп ашу жоспарымызда бар. Он шақты маманы, психологтары бар қаладағыдай орталық болады. Сол жерде 6 айға дейін бала-шағасымен өмір сүреді. Балалары мектепке орналастырылып, іші асхана, жатын бөлмелерімен қамтылады. Статистикалық мәліметтерді келтірсек, 2022 жылы 4 айда 59 неке қию рәсімі тіркелсе, биыл 64 болып өсіп отыр. 2022 жылы 9 адам ажырасса, биыл ол көрсеткіш 7 отбасы болып, 2 адамға азайды. Бізде «Татуласу бұрышы» бар. Сотқа барғаннан кейін 3 ай уақыт береді. Аудандық соттан келген құжаттарын қарап, өздерін шақырып сөйлесеміз. Ажырасушылардың 2 адамға азайып отырғаны соның нәтижесі, – деп бұл бағытта берер ақыл-кеңесі көп аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова, мүшесі Жаннат Құрманғалиеваға ризашылығын білдірді.
Жаңадан отбасын құрған екі отбасына неке, бір жас анаға сәбиінің туу туралы куәлігін салтанатты түрде табыс етті. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова, мүшесі Жаннат Құрманғалиева, облыстық мәслихаттың депутаты Зәмзәгүл Карсакова, Құрманғазы ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Гауһария Төкестаева аталған жас отбасыларына шаңырақтың символы орамал мен қамшы ұсынып, бақытты болыңдар деген ізгі тілектерін жеткізді.
Тренингті одан әрі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің психологы Жазира Болатова жалғап, қатысушылармен «Визитка», «Релаксация», «Ситуациялық сұрақтар», «Позитивті дүкен», жаттығуларын, лоторея өткізді.
Қанат ҒҰМАРОВ