Құрманғазыда өткен шараға 90 ерекше бала қатысты

(0 Votes)

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудандық білім бөлмінің №5 «Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Бала – өмірдің гүлі» атты шара өтті. 

Мерекелік шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева, мәслихаттың аппараты, түзеу кабинеті мекемесінде тәрбиеленіп отырған ерекше білімді қажет ететін 90 бала мен олардың ата-аналары қатысты. №5 «Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Клара Қажымғалиеваның айтуынша аталған мекемеде жасқа дейінгі және 18 жас аралығындағы 179 бала тәрбиеленеді. Оларға 14 ұстаз-маман, логопед, дефектолог, психолог, емдеу-сауықтыру жаттығуы, ырғақ бойынша педагог, әдіскер, тәрбиешілер, әлеуметтік педагог қызмет көрсетеді. Балаларды түзету жұмыстары жүргізіледі.

Шара №5 «Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тыныс-тіршілігі мен жұмысынан хабардар ететін бейнетүсірілімді назарға ұсынумен басталды. А.Пушкиннің «Алтын балық» ертегісінің кейіпкерлерін кабинет тәрбиленушілері сахналық қойылымда жақсы сомдады. «Сәбилер биін», «Қояндар биін» ең кішкентай бүлдіршіндер көрермендер назарына ұсынды.

Сондай-ақ, оқушылар «Қолшатыр биін», «Қарақшылар биін», «Қоңыраулар биін», «Қазақ биін» және басқа да концерттік нөмірлерді орындап, әсем әндер шырқады. Оларды сахнаға дайындаған ұстаздарының еңбегі сүйсінтті. Сол ұстаздардың өздері және аудан өнерпаздары Гүлзада Жұмалиева, Толыбай Қажыгереев өнер көрсетті. Жақсы ұйымдастырылған шара ерекше білімді қажет ететін балалардың ата-аналары мен көрермендер көңілінен шықты.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Ғаділханқызы: – Тәрбиелеп отырған баласын қоғамнан өзінің орынын табатын жақсы азамат пен азаматша етіп өсіру әрбір ата-ананың арманы. Сол армандарыңыз орындалып, балаларыңыз аман-есен өсе берсін! Облыстық «Жұлдызай» фестиваліне де кішкентай бүлдіршіндеріміз қатысып, өнер көрсетіп, жүлделі орын иеленді. Клара Қажымғалиқызы бастаған №5 «Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» ұжымының ауданымызда орыны бөлек, беделі үлкен.

Осындай балаларды әрбір сала бойынша дайындап, тәрбиелеп, шығармашылықпен жұмыс жасап отырсыздар. Қашан да еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Ата-аналар мен балалардың алғысын алған үлкен ұжым болыңыздар, – деп жетістіктерге жете беріңіздер деген ізгі тілегін арнап, аудандық мәслихаттың аппараты атынан Құттықтау хаты мен естелік сыйлығын ұсынды.

Аудандық №5 «Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Клара Қажымғалиева аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева мен аппаратына, ұйымдастыруға көмектескен аудандық мәдениет үйі басшысы Жалғас Сағындықовқа ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521