Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату.
Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Биліктің биік белесі» атты салтанатты шара өтті.
Еліміздің Гимні шырқалған соң, аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев алғашқы сөз алып, мемлекеттік қызметтің негізгі миссиясына тоқталды. Мерекемен құттықтай келе сала ардагерлері мен түрлі дәрежедегі еңбек өтілі бар үздіктерді марапаттады. Одан бөлек, облыс әкімінің алғыс хатымен, Атырау облыстық мәслихаты төрағасының алғыс хатымен, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының алғыс хатымен, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысының алғыс хатымен бір топ мемлекеттік қызметшілер, ата-аналар ұлығыланды.
Сала ардагерлері атынан Рифхат Султанияев, жас мемлекеттік қызметшілер атынан Жаңаталап ауылдық округі әкімінің кеңесшісі Мұрадым Мұзафар мерекеге орай құттықтау сөз сөйледі. Шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Еркеназ Қалижан