2011 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданып, сол жылғы 5 тамызда заңды күшіне енді. Содан бері елімізде жыл сайын медиация күні аталып жатады.
Аталмыш күнге орай аудандық орталық кітапханада аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен 5 тамыз Республикалық медиация күніне орай «Ашық есік күні» акциясы аясында «Медиация негізі – бітімгерлік» тақырыбында семинар өткізілді.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова шараны ашып жүргізіп, медиация күнінің мән-маңызына тоқталды. Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Елшат Асқар ауданымыздағы медиаторлардың ел татулығы мен тұтастығы үшін атқарып жүрген игі істерін тілге тиек етті.
Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының орынбасары Алмас Мұқашев медиаторлар Нариманбек Шолтыров, Сатыбалды Беймұратов, Ибатолла Ғалиев, Салауат Сүлейменов, Жанна Харесова, Майра Амирова, Дастан Талапқалиға аудан әкімінің құттықтау хатын табыстады. Құрманғазы аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Гүлсім Бестерекқызы мерекеге орай жүрекжарды тілегін жеткізіп, аудандық сот әкімшілігі атынан медиаторлар Татьяна Ахметова, Ержан Ғайнетов, Жұмақай Ғұмаров, Саясат Зулхарнаев, Саламат Ғаббасов, Зинур Өтегенге құттықтау хат ұсынды.
Аудандық соттың судьясы Бейбітгүл Менсейтова соттағы медиация жұмыстарына баяндама жасады:
- Құрманғазы аудандық сотына 2022 жылдың тамыз айына дейін татуластырушы судьялардың өндірісіне 228 талап қою болған. Оның ішінде 40 талап қою бойынша тараптар арызды қабылдау сатысында татуластырушы судьяның көмегімен өзара келісімге келіп, олардың арасында дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдер жасалған. Ал 2023 жылдың тамыз айына дейін татуластырушы судьялардың өндірісіне 338 талап қою түсті. Оның ішінде 53-і медиация тәртібімен шешілген. Сәйкесінше, медиациямен аяқталған істер ағымдағы жылы 13 іске, яғни 75,47 пайызға көбейген. Ауданымызда 2 кәсіпқой медиатор, 23 қоғамдық медиатор бар. Соттың ғимаратында медиация және Отбасылық кабинеті жұмыс жасайды. Ол кабинетте судьялар, медиаторлар мен билер татуластыру жұмысын жүргізеді,-деді Бейбітгүл Мағазқызы.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанындағы «Отбасын қолдау» кабинетінің психологы Жазира Болатова ауданымызда 15 отбасы медиация көмегіне жүгінгенін, оның бесеуі қайта жарасым тауып кеткенін айтты. Атырау облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Медиация кабинетінің бас сарапшысы Нелли Төлегенова арнайы «Шиеленістерді реттеу және этномедиация» тақырыбында дайындаған слайды негізінде этносаралық шиеленістердің туындау себептерін түсіндірді. Атырау облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ляззат Жылқышиеваның Құттықтау хатын аудандық билер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлы, кеңес мүшелері Қадырбай Жармұхамбетов, Мадат Сәрсекеев, Сағынжан Рахимов, Амангелді Абзалұлы, Исағали Рысқалиев, Сайфолла Жанғалиев, Ислям Бақтыгереев, Төлеміс Муафихұлы, Әділбек Қаламов, Бекжан Батырғалиұлы, Құрманғазы аудандық сотының төрағасының міндетін атқарушы Гүлсім Бестерекқызы, аудандық соттың судьясы Бейбітгүл Менсейтова, медиаторлар Қалима Сағынғалиқызы, Ғалия Махпузқызы, Жаннат Болатбайқызы, Гүлназ Сәбитқызы, Гүлмира Талапқызы, Әсел Юрийқызы, Жанна Серікқызына табыс етті.
Аудандық билер кеңесінің төрағасы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы өлкетанудың өзектілігі, ата-бабалардың өскелең ұрпаққа өнегелі істері жайлы тереңнен тағылымды сыр шертті. Б.Бегалиев жалпы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Дастан Талапқали «Жас медиаторлар» клубының жұмысына шолу жасады.
Еркеназ Қалижан