«Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» деген әйгілі композитор Ахмет Жұбанов.
Елімізде шілде айының алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» деп белгіленген. Ауданымыздың атауы да домбыраның құлағында ойнап, «Күй атасы» атанған Құрманғазы бабамыздың құрметіне қойылған еді.
Айтулы мерекеге орай аудан орталығындағы Құрманғазы ескерткіші жанында «Домбыра күні – ұлттың үні» атты салтанатты шара өтті.
Аудан әкімдігі және ардагерлер, аудандық мәслихат және депутаттар, аудандық аналар кеңесі, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған Төлеген Ахмеджанов атындағы халық ұлт-аспаптар оркестрі және «Жиделі» халықтық-фальклорлық ансамблі, Дина Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебі, Дәулеткерей атындағы балалар музыка мектебі Құрманғазы ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысты.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Н.Қалиев:
- Қос ішекті қасиетті қара домбыраның тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Қазақтың бекзат болмысы мен асыл қасиеттері қашанда әнмен әрленіп, күймен көмкерілген. Халқымыздың төл өнерін төрімізден түспеген домбырасыз елестету мүмкін емес. Атадан балаға аманат болған бұл қазынамызды қадір тұту - әрбіріміздің борышымыз,-дей келе, мерекемен құттықтап, қазақтың дәстүрлі ән-күйін насихаттап жүрген барша өнерпаздарға алғысын білдірді.
Дина Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары және дарынды жастар қос ішектен күмбірлете күй төгіп, әуезді ән шырқап, көңіл құсын көкке ұшырды.
Еркеназ Қалижан