Аудандық орталық кітапханада 24 қазан-кітапханашылар күні мерекесіне орай, «Кітапханашы - мәртебелі мамандық» тақырыбында кітапхана ардагерлерімен дөңгелек үстел өткізілді.
Шараға осындай мерейлі мамандық бойынша үздіксіз еңбек етіп, мінсіз жұмысы арқылы абырой биігіне көтерілген, кітапханада ұзақ жылдар қызмет етіп, ұжымның, әрі оқырмандардарының ыстық ілтипатына бөленген, жастарға үлгі-өнеге болған асыл жандар, қазіргі кезде еңбектің зейнетін көріп, шынайы құрметке бөленген кітапхана саласының ардагерлері шақырылды.
ОКЖ директоры Анар Нуриқызы сөз сөйлеп, кітапханашы қоғамдағы ең құрметті де қадірлі мамандықтардың бірі екенін, адами қасиеттерді бойына сіңірген шынайы кітапханашы өз оқырманының жүрегінде білімге деген құштарлықты және Отанға деген сүйіспеншілікті оятатынын айтып, ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, қошеметін білдірді.
Одан кейін өз жүрек қалауымен алған мамандықтарына деген махаббатынан айнымай, саналы ғұмырын кітапхана саласына арнаған, кейінгі жастарға кәсіби іс-тәжірибесін үйретуден жалықпай, оқырмандарға рухани қазынамызды насихаттауда елеулі үлес қосқан ардагерлеріміз кітапханашы мамандығының қыры мен сыры, алғашқы еңбек жолын бастаған кездері, жеткен жетістіктері жөнінде айтып, есте қалған қызықты оқиғаларымен бөлісіп, жас мамандарға ақыл кеңесін айтты.
Шарада кітапханашы Е.Долайұлы арнау өлеңдерін оқыса, Сұмағұл Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің әншілері Р.Сарсенова, Г.Жұмалиева, Е.Самиғоллаев «Замандастарым», «Беу құрбым-ай», «Жақсы адамдарым», «Өзің сәулем» әндерін орындап, қошеметке бөленді. Шара соңында ардагерлерге естелік сыйлықтар табысталды.