С. Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық әкелер, аналар кеңестерінің, аудандық орталық кітапхананың және аудандық мәдениет үйінің бірлескен түрде ұйымдастыруымен Халықаралық Әкелер күніне орай “Менің әкем мен үшін дара туған” атты жетістіктер желкенін бағындырған қыздарды тәрбиелеген әкелермен кездесу өтті.
Шара үлгілі қыздар мен оларды тәрбиелеген ардақты әкелердің шеруінен бастау алып, әрі қарай аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы мен аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Қайрат Ғапуұлы сөз алып, әкелерді мейраммен құттықтай отырып, ақ жарма тілектерін білдіріп, кездесудің басты кейіпкерлеріне арнайы құттықтау хаттар мен сыйлықтар тарту етті. Қайрат Ғапуұлы аудандық әкелер кеңесінің атынан өңірде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған әкелерімізді де тасада қалдырмай мерекеге орай құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтарын тарту етті. Ұрпақ тәрбиесіне байланысты салмақты сұрақтар қойылып, мардымды жауап, сырлы сұқбат жүргізілді. Әкелердің құрметіне орай әсем әндер шырқалып, әдемі көңіл- күй сыйланды.