«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы жанынан құрылған өңірлік кеңестің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Есболат Құбашев басқосудың күн тәртібімен таныстырып өткен соң, аудандық филиалдың директоры Нұрдәулет Дәреловтің алты ай ішінде атқарған жұмыстары туралы хабарламасы тыңдалды.
- Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында өткен алты айда 145 адамға 428 консультациялық кеңес берілді. Несие алуға құжаттар жинаған 10 кәсіпкердің бизнес жобасына өтінім жолданып, грант алуға қатысқан 30 адамның құжаттары дайындалып берілді. Бизнесті қолдау бойынша жеңілдетілген пайыздық мөлшерімен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жалпы құны 150,5 млн. теңгені құрайтын 25 жоба қаржыландырылды. Нақтылай кетсек, «Іскер» бағдарламасы бойынша 14 кәсіпкерлік субъектісіне 68,8 млн. теңге, «Агробизнес» арқылы бір кәсіпкерге егін шаруашылығын дамытуға 2,5 млн. теңге, «Бизнес-аймақ» бағдарламасы бойынша 4 адамға 54,5 млн. теңге берілді. Сонымен бірге, 21-35 жас аралығындағылардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытындағы несиелеу бойынша жалпы құны 24,7 млн теңге 6 жоба, аудан бойынша конкурстық комиссия шешімімен 10 жоба мақұлданды. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы егінмен айналысатын бір кәсіпкерге құны 47,9 млн.теңге тұратын «Standard R505m» жаңбырлатқыш техникасы сатып алынды, - деген хабаламашы кәсіпкерлердің құқын қорғау, мемлекеттік қолдау, ашылған жұмыс орындары, субсидия алу тәртібі, дуалды оқыту арқылы кәсіби білім беру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Кеңес мүшелері «Құрманғазы» ет кешенінің басшысы Бержан Кенжебаев, облыстық мәслихат депутаты Замзагүл Карсакова, «Lotos Atyrau» ЖШС басшысы Ернар Сәрсенбаев, аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жаннат Сидеғалиева инвестициялық жобаларға қойылатын талаптарды жеңілдету, биоресурстарға төленетін төлемді нақты ауланған балықтарға төлеу, ауданда отанды туризмді дамыту, малдың санағын электронды базалардағы ақпараттармен сәйкестендіру мәселелерін көтеріп, оның шешу жолдарына атсалысуды сұрады.
Айбек НӘЖІМОВ