Құрманғазыда құқық бұзушылық профилактикасы жөнінде комиссия отырысы өтті

(0 Votes)

Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысын оның төрағасы - аудан әкімі Абат Жанғалиев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. 

Бірінші болып Құрманғазы балық инспекциясы бөлімімен 2023 жылдың тоғыз айында аудан бойынша браконьерлікке қарсы күрес және оның алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы инспекция басшысы Бақытты Испергеновтің хабарламасы тыңдалды.

– Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 383 бабының 1 тармағы бойынша бөліммен 96 әкімшілік іс қаралып, 1845750 теңгенің айыппұлы салынды. Бүгінге дейін 92 тұлғадан 1707750 теңгесі өндіріліп алынды. Аталған баптың 3 тармағы, яғни рұқсат етілмеген құралдармен заңсыз балық аулағандарға 49 іс қозғалды. Заңсыз балық тасымалдаумен айналысқан 53 адамның құжаты аудандық сотқа жолданып, тиесілі сот қаулысы шықты. Бөлімге қарасты су айдындарында иесіз құрулы тұрған 84 дана ау, тор, вентер сияқты аулау құралдары жиналып алынды. Сондай-ақ, браконьерлік әрекетке қатысы бар 2 тұлғаға бір поцессуалдық шешім қабылдау үшін аудандық полиция бөліміне жолданды, - деген баяндамашы балық инспекциясымен басқа да құзырлы органдармен бірлескен рейд, ацияның қорытындысын, шабақ құтқаруға байланысты атқарылған жұмысты назарға берді.

Комиссияда келесі қаралған аудан көлеміндегі браконьерлікке қарсы атқарылған істер бойынша аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Талғат Исаев хабарлама жасады.

– Заңсыз балық аулаушылардан тыйым салынған 46 дана сетка тәркіленіп, торға түскен 180 дана тірі жатқан сазан балығы кері босатылды. Олардың пайдалануындағы «Планета», «Урал», «Юпитер», «Муравей» мотокөліктері аудандық полиция бөліміне жеткізілді. «Киік» кең ауқымды акциясы барысында Сүйіндік ауылының тұрғынынан 18 дана, Асан ауылының тұрғынынан 107 дана заңсыз сақталған киік мүйіздері анықталып, жауапқа тартылды. Заңсыз балық өнімдерін тасымалдаумен айналысқандарды анықтауға бағытталған рейдтер кезінде 3 оқиға тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды, - дей келе «Бекіре-2023» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған заңбұзушылықтарды атады.

Үшінші мәселе – аудан бойынша алаяқтық, ұрлық,жол-көлік оқиғалары, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық тиіспеушілік қылмыстардың жай-күйі туралы да полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Талғат Исаев хабардар етті.

– Жыл басынан бері интернет алаяқтық қылмыстары бойынша жалпылама тіркелген 17 оқиғаның 5-еуі ашылып, 6 іс өндірісте тұр. Алдын алу мақсатында адамдар көп шоғырланатын орындарда түсінік жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік желілерде сақтық шаралары қаперге берілді. Кәмелетке толмағандармен де барлық білім беру ұйымдарымен бірлесіп, профилактикалық маңызы зор шаралар өткізіліп тұрады. Ата-аналар, мектеп оқушылары және мұғалімдердің қатысымен балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар берілді, - деген хабарламашы одан әрі аудан көлемінде ағымдағы жылдың 8 айында 14 жол-көлік оқиғасы орын алып, 4 адам қаза тапқанын, 15 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алғанын айтып өтті.

Комиссияда қаралған төртінші мәселе – білім беру мекемелерінде оқитын оқушылар арасында ұлттық патриотизмді қалыптастыру бағытындағы атқарылған жұмыстарды аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Ернар Мұхамбетәлиев тізбелеп берді.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT