Ауа-райының қолайсыздығына орай, аудан көлемінде қар тазалау жұмыстары қарқын алды, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дәл қазір аудан орталығында мердігер мекеме «Құрманғазы жолдары» ЖШС-нің бірнеше техникасы мен арнайы жасағы түнгі ауысыммен қар тазалау жұмыстарына жедел кірісті.
Жоспарға сай, алдымен тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында орталық көшелер мен жаяу жүргіншілер жолы қардан тазартылуда. Одан әрі қар тазарту жұмыстары әлеуметтік нысандар, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері маңында жалғасады.
Сонымен қатар, «Ганюшкин құрылыс» ЖШС-не қарасты қажетті техникалар мен арнайы жасақ құрамы Ақкөл ауылы, Дәулеткерей, Алға елді мекендерін қардан тазарту жұмыстарына жұмылдырды.
Ауданға қарасты өзге де ауылдық округтерде автомобиль, жаяу жүргіншілер және кірме жолдарды қардан тазарту мақсатында жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, ауданда барлық коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Атқарылып жатқан жұмыстар аудан әкімінің тікелей бақылауында тұр.