Құрманғазыда грант алуға 61 адам ниет білдірді

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық жұмыспен қамту орталығында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия отырысына 61 бизнес жоба ұсынылды.

Айта кетейік жобалар бизнес идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізетін нарықтарының пысықталуы, бизнес жобаның өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдыларының деңгейі, жаңа жұмыс орындары кретерилері бойынша бағаланады. Гранттар қаражаты кәсіпкерлік қызметті бастауға ниетті адамдарға оған қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдар мен құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді сатып алуға, ғимараттарды жалдауға беріледі. Мал сатып алу мен егінге көктем мен күзде ғана берілетінін еске салып қойған да артықтық етпес. Сол себепті жаз мезгілі болғандықтан ол бағытта ешкімге тиген жоқ.

«Гранттан әркімнің де бар үміті», десек те, бұл жолы ол 10 адамға ғана тиесілі болып келді. Комиссия шешімімен қайтарымсыз қаражат кондитер және фаст-фудтан – 2, тігін ісінен – 2, сұлулық салоны, шугаринг және тұрақты макияж, азық-түлік дүкенін ашу, көлік жөндеу орталығы, тұрмыстық техниканы жөндеу орталығы, жартылай фабрикаттар дайындау бойынша бір-бір жобаға тиді. Өзі ұсынған бизнес жобасынан мүлдем хабарсыз үміткерлер де кездесті. Біреуге жасатқанда ең болмаса бірінші бетін ашып қараса онда өзінің емес басқа облыстағы әлдекімнің аты жазулы тұрғанын көрер еді.

Жобаны жасап берген адамға бәрібір, оған ақшасын берсе болды. Ертең комиссияда өтпей қаласыз-ау деп басын ауыртып жатпайды. Жасыратыны жоқ, бірнеше адамның жобасы бірдей болып шығады және бәрінде де сол қате жүреді. Өзі оқып таныспаған, базаға енгеніне көзін жеткізбеген соң комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап қайтара алмай жатады. Мысалы, 1 сиырдан алынатын сүтті күнге бөлгенде 800 грамннан келетінін қалай түсінуге болады? Жобада солай көрсетілген. Бұл жерде біреуді мұқатайын деген ойымыз жоқ, жобаларыңызды біреуге жасатқаннан кейін мұқият қараңыздаршы дегіміз келеді. Өтсеңіз де, өтпесеңіз де тегін жасатып отырған жоқсыздар ғой.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT