С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Өрлей бер, өсе бер, жас өркен!" атты Ү аудандық дарынды оқушылар форумы өтті.
Оған аудан мектептерінің жетістіктерімен көзге түскен, түрлі деңгейдегі байқаулар мен сайыстарда топ жарған дарынды оқушылары қатысты. Форумның шымылдығы Д.Нұрпейісова балалар өнер мектебінің және Дәулеткерей балалар музыка мектебінің ұстаздары мен шәкірттерінің орындауындағы «Адай» күйімен ашылды.
Аудандық мәслихат хатшысы Гүлжанат Қалиева құттықтау тілегін білдіріп, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздарын марапаттады. Атырау облысы білім беру басқармасының «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығының директоры Руслан Сарбалин облыстық, республикалық олимпиада жеңімпаздары мен ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздарын, білім додасында топ жарған шәкірттердің ұстаздары мен ата-аналарын ұлығылады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Өтемісқызы білім саласындағы жетістіктерді саралап, өнер, шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарын марапаттады.
Әр салада абыройлы маман иесі атанып жүрген кезіндегі осы киелі сахнада дарынды тұлға ретінде танылған бір топ түлектер Сдыхов Жалғас, Ғайнетова Аяулым, Хабдырашитова Гаухар, Абат Ботагөз, Шұғайыпова Ұлжан сахна төріне көтеріліп, «Болашаққа хатты» қабылдап алу үшін талапты ізбасарларды ортаға шақырды. Форумда өнерлі оқушылардың концерттік бағдарламасы тамашаланып, «Дарындылар гимні» орындалды.
Айнагүл Шакупова