Ауыл үшін тиімді жоба. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиевтің төрағалығымен шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің басын қосқан жиын өтті.
Мақсаты – ауыл тұрғындарын қолдауға арналған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша түсінік беру.
Жиында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов хабарлама жасап:
– «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бұл жоба 2023-2025 жылдарға арналған. Несиелер 2023 жылдан бастап өсімдік, мал, ара, құс, ауыл шаруашылығы, балық аулау және аквамәдениет, жүк, арнайы техника, станоктар мен жабдықтар сатып алу, бизнес жобаларды іске асыру бойынша беріледі деп жоспарланған.
Жоба бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие алуына, техниканы лизингке рәсімдеуіне болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Микронесие мерзімі – 5 жыл, ал, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін. Жеке қосалқы шаруашылық және ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлік қызмет үшін – 8 625000, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға – 27 600 000 теңге.
Алушының соңғы 12 айда екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржы институттары алдында 90 күннен асқан берешектері болмауы қажет. Мұндай несиенің халыққа пайдалы жағы бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарына мұндай шарттармен, яғни, 2,5% -бен несие берілмейді.
Сондықтан, ауылда қандай да бір өндіріс орынын ашамын немесе кеңейтемін дегендерге бұл үлкен мүмкіндік, – деп, слайд арқылы аталған жобаның басым бағыттарына, қойылатын талаптарға, қарыз алушының міндеттеріне, жиналатын құжаттарға тоқталды.
Аталған жоба бойынша несие алуға 108 адам ниет білдіргенін, шілде айының соңғы аптасынан бастап құжаттар қабылданатынын жеткізді. Қатысушылардан жеке кәсіпкер Батырбек Амиров, «Ақжонас» ШҚ басшысы Мұқар Шаяхметов және басқалары жобаға қатысты сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев қорытындылап:
– Жеңілдетілген пайызбен несие алып, әркім өз бизнесін дамыта алатынын естіп отырсыздар. Қатысып отырған округ әкімдеріне айтарым – бұл жоба жөнінде жұмысты үйлестіруші аудандық кәсіпкерлер палатасы болғанымен, тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізу сіздердің міндеттеріңіз. Жұмысты жолға қойыңыздар. Кепілге қойылатын жылжымайтын мүлікті бағалаудың да шаршы метрі де көтерілді. Ауыл тұрғындары бұл мүмкіндікті пайдаланып қалғандары дұрыс. Қазір жұмыссыз жастар көп, – деді.
Қанат ҒҰМАРОВ