Осындай тақырыппен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында аудандық аналар кеңесі «Жеті қазына» мейрамханасында форум өткізді.
Мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, еңбекте табысқа жеткен әйел-аналарға құрмет көрсету. Форумға Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Ләззат Джылқышиева, Атырау облыстық аналар кеңесінің мүшесі Злиха Дүйсекенова қонақ ретінде қатысты. Шараның шымылдығы «Аналардың тәлімін сақтайық!» атты көрмемен ашылды. Қатысушылар әйел-аналардың қолымен дайындалған көздің жауын алар бұйымдарымен танысты.
Бұдан кейін дастархан басында бас қосқан форум қонақтары аудандық аналар кеңесінің мүшесі Балапан Тайпақованың «Қонаққа табақ тарту» шеберлік сағатын тамашалады. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бағытындағы жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова баяндама жасады. Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса форумның мәні мен маңыздылығына тоқталып, облыс әкімінің алғыс хатымен Алтын алқа иегері, аудандағы алғашқы құрылысшы әйел, ауданның Құрметті азаматы Рәуиля Дощақова, Алтын алқа иегері, білім саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Жәннат Құрманғалиева, медицина саласының ардагері Әмина Құрманбаеваны марапаттады.
«Жансая» көшбасшы аналар клубының жоба аясындағы жұмысы» тақырыбында облыстық мәслихатының депутаты, аудандық Аналар кеңесінің мүшесі , «Жансая» көшбасшы аналар клубының жетекшісі Зәмзагүл Карсакова баяндама жасап, Атырау облыстық мәслихатының алғыс хатын ардагер ұстаздар Дария Нұралинаға, Зоя Кенжеғалиеваға табыстады. Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің алда тұрған міндеттері» тақырыбында «Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Ләззат Джылқышиева баяндап, өзінің алғыс хатымен тігін, білім, мәдениет, кәсіпкерлік салаларында, селолық кеңестік төрайымы лауазымында, егін шаруашылығында, кітапхана жүйесінде абыройлы еңбек еткен ардагерлер және бүгінде табысты жұмыс жасап жатқан әйел-аналарды марапаттады.
Аудандық аналар кеңесінің мүшесі Балапан Тайпақова «Кимешекті тігу» тақырыбында шеберлік сабағын өткізіп, өз қолымен тіккен кимешекті форум қонағы Л.Джылқышиеваға сыйға тартты. « Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Злиха Дүйсекенова ақжарма тілегін ақтарып, ұзақ жылдар бойы еңбек етіп аудан экономикасының түрлі саласын дамытуға үлестерін қосқан аналардың өңірлеріне «Асыл Ана» медалін тақты. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова отау құрғандарына 50 жыл болған Николай мен Гүлжиян Түсібалиевтер, Мұқар және Ақтілек Шаяхметовтер отбасыларына «Алтын шаңырақ» белгісі табысталады. Отау құрғандарына 25 жыл болған өнегелі отбасына «Күміс кереге» белгісі табысталды. Бұл құрметке Руслан мен Виктория Халменовтер отбасы ие болды. Бір шаңырақта 3 келін тәрбиелеп отырған өнегелі ене Мүгілсін Ахтанова келіндері Айнұр, Динара, Жаниямен ортаға шақырылды. Оларға халқымыздың дәстүріне сай күміс білезіктер сыйға тартылды. «Ақ келін» атағы атауы бойынша 103 жастағы Шәміл әжейді бағып отырған келіні Мәрия Мусағалиеваға ақ орамал иығына жауып, құрмет көрсетті. «Сыңғырлы шолпы» бөлімінде Манаев атындағы орта мектебінің оқушысы Жанерке Өмірбекқызына шолпына аудандық аналар кеңесінің мүшесі Римма Габдушева тақты.
Форумды Балғаным Хасенқызы қорытындылап, облыстан арнайы келген қонақтарға, шараның өтуіне атсалысқан, өзіне көмек көрсеткен кеңес мүшелеріне зор ризашылығын жеткізді.
Айнагүл Шакупова