Халқымыздың дүниетанымында ақ орамалдың философиялық мағынасы тереңде жатыр. Ақ түс – абыройдың, ізгіліктің, адалдықтың белгісі. Ал, орамал – тазалықтың, нәзіктіктің нышаны және бір әулеттің келіні, отанасы, азаматтың Құдай қосқан жары екеніңді білдіреді.
Қазақ әйелдері қашанда ақ жаулықты құрметтеп, әдеп сақтаған. Осы үрдісті жалғастыру мақсатында орталық демалыс алаңында «Ақ орамал» акциясы аясында «Ақ орамал – бейбіт болашақтың белгісі» атты аудандық шара өтті. Бұл акция жыл сайын ауданымызда аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде оздырылып келеді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, Атырау облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Замзагүл Жалмурзина, облыстық мәслихат депутаты Замзагүл Карсакова, аудандық мәслихат төрағасы Гүлжаннат Қалиева және бөлім басшылары қатысты.
Ақ кимешегін киген ақ ниетті аналар, ақ орамалын таққан сұлу келіншектер шараның әрін келтірді. Аудандық аналар кеңесі, аудандық мәдениет үйі, кітапхана, денсаулық сақтау қызметкерлері, «Жансая», «Ұлағат», Отбасын сақтау жөніндегі Ресурстық орталық мүшелері бастаған шеруді ауылдық округтердің аналар кеңесінің мүшелері жалғастырды. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов алғашқы сөз алып, аталмыш акцияның мән-маңызына тоқталып, ақ жаулықты аналарға ақ тілегін жаудырды.
Аудандық аналар кеңесінің мүшесі Орынша Құмарғалиева Ерлан Рымбектің «Полигон жырын» ерекше толқыныспен оқыды. Құрманғазы ауданында Ұлы Отан соғысына қатысып, елімізді қорғау жолында ерлік көрсетіп, соғыстан кейін әртүрлі салада еңбек еткен 8 соғыс ардагер аналарымыз бар.
Осы аналарды еске алып, кейінгі ұрпаққа үлгі ету – абыройлы міндетіміз. Осы орайда «II дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін» медалі және бірнше мерекелік медальдардың иегері Мария Зорманованың қызы Сәуле Жаудина, «За боевые заслуги», «За оборону Сталинграда», «Германияны жеңгені үшін» және бірнеше мерекелік медальдардың иегері Әсима Димукашеваның келіні Маржан Ибрагимова, «II дәрежелі Отан соғысы» ордені мен бірнеше мерекелік медальдардың иегері Валентина Шамханованың немере келіні «Алтын алқалы» ана Самал Шамханова, сондақ-ақ, жас ана Гүлбақыт Ермұратова мен Орлы округінің жас келіні Марта Мағзумова құрметпен ортаға шақырылды. Аталмыш акцияға орай аналарға тазалық пен пәктіктің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың символы ақ орамал табысталды. Әбу Сәрсенбаевтың «Ақ көгершін» өлеңін «Ұлағат» аналар мен балалардың кітап клубының жетекшісі Гүлжан Ханафина әсерлене оқыды. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова шараны қорытындылап, барша белсене қатысқан ақ орамалды асыл жандарға риясыз алғысын жаудырды.
Еркеназ Қалижан