Құрманғазыда 6 мектеп модернизациядан өтеді

сурет ашық дереккөзден алынды
(0 Votes)

Биылғы жылдың қыркүйек айының соңына, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін Атырау облысында 25 мектептің ғимараттары қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай болады.

Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз брифингінде мәлімдеді.

- 2021 жылдан бері Атырау қаласы, аудан орталықтары мен ауылдарда мектептер жаңғыртылып келеді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасатын болады. Атап айтқанда, 25 қала, ауылдық мектептерге модернизация жұмыстарын жүргіземіз. Бұл мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүзеге асып отыр. Ол үшін 800 млн. теңге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстары барысында мектептер пәндік кабинеттермен, жиһазымен жарақтандырылып, кітапханалары мен асханалары жаңартылады. Білім ордалары қауіпсіздік жүйелерімен қамтылып, оқушылардың инклюзивті білім алуына мүмкіндік жасайтын боламыз, - деген ол бұл жұмыстар оқу процесіне кедергі келтірмейтін, оқушылар жазғы каникулға кеткен уақытта жасалатынын қаперге берді.

Қайта жаңғыртылуға жататын облыстағы 25 мектептің арасында ауданымыздан Шортанбай және С.Мұқанов, С.Имашев, Ю.Гагарин, Н.Манаев, З.Серікқалиұлы атындағы білім ордалары бар. Жалпы 2025 жылдың аяғына дейін Атырау қаласы мен аудандарда 128 мектеп жаңғыртылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен бірге, Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі басқосуда облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнара Садуахасова Атырау қаласында 300 орындық «Білім-инновация» лицейі салынатынын хабарлады.

Оның айтуынша, болашақ лицейдің маңызды ерекшеліктерінің бірі — шет тілдерін оқытуда басымдық пен ерекше талап қойылуы болмақ. Сондықтан оқытуда әлемде озық деп танылған әдістермен бірге көрнекті құралдар мен басқа да оқу материалдары пайдаланылатын болады.

- Еліміздің әрбір өңірінде «Білім-инновация» лицейіне сұраныс өте көп. Бұл жерде қыздар лицейіне болсын, ұлдар лицейіне болсын халықтың қызығушылығы жоғары. Өйткені, білім алып отырған балаларымыздың көрсеткіші жан-жақты. Яғни, білім жағынан сапа көрсеткіші жоғары болатын болса, бұл жердегі білім - тәрбиеге, тәрбие – құндылықтарға негізделеді. Осыған байланысты біз «Білім-Иннновация» халықаралық қорына ұсыныс тастаған болатынбыз. Осы тұста олар біздің бұл ұсынысымызды қабылдап, бізге қолдау көрсетуге өз келісімдерін берді. Себебі, әр өңірде тек бір «Білім-Инновация» лицейі орналасқан. Ал бізде оған қызығушылық танытып отырған бала саны көп. Мысалы, былтыр 1447 қыз бала қыздар лицейіне тапсыруға ниет білдірді. Алайда алынған бала саны тек 62. Сондықтан тағы да «Білім-Инновация» лицейі ашылатын болса, нұр үстіне нұр болар еді, - деген скипер демеушілермен келіссөздер жүргізілуімен қатар саынантын орынның да белгіленіп қойылғанын жеткізді. Болашақ білім ордасы қыздар білім инновациялық лицейінің ауласынан салынатын болады.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT