Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Мусаның жылдың ІІІ тоқсаны бойынша тұрғындар алдында есеп беру жиыны өтті.
Оған аудан әкімі Абат Жанғалиев орынбасарларымен, аудандық мәслихаттың хатшысы Гүлжаннат Қалиева, депутаттар корпусы, ардагерлер, дербес бөлімдер мен мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың басшылары, белсенділер қатысты. 15 мыңға жуық тұрғыны, 2744 отбасы, 5 мектеп, 1 колледжі бар үлкен округтің әкімі Абдуррахман Рахметұлы өз хабарламасында түрлі салалар бойынша атқарылған жұмыстар, алдыңғы жиында айтылған ұсыныстардың орындалу барысы, алда тұрған міндеттерден хабардар етті.
Хабарлама тыңдалғаннан кейін сұрақ қоюшыларға кезек келді. Құрманғазы ауылы Құрылысшылар мөлтек ауданының тұрғыны Елдос Бектеміров:
– Бұған дейін балалар үшін суға шомылатын жер бөлу туралы айттым. Ол орындалған жоқ. Балалар кез-келген жерден шомылса қайғылы жағдай орын алуы мүмкін. Жыл сайын көктемде терек егеміз. Соларды бақылауға алатын адам бар ма? Жайқалып өскен еді, енді қурап жатыр. Жақсы үрдіс, ауыл ішін аралап қалдықтарды жинайтын трактор бар еді. Ол да көрінбейді,– деді.
Округ әкімі Абдуррахман Муса өз жауабында:
– Құрылысшылар ауылынан балалар суға шомылатын орын жасаймыз дегенбіз. Алайда, өзен арнасы қазылғаннан кейін ол мүмкін болмады. Сол себепті олар суға шомылатын жерді Шора өзенінің қонақүй тұрған жағындағы Қайролла теректері маңынан ашқалы отырмыз. Егілген теректердің қурап қалу себебі, оларға су көлікпен құйылады. Өздеріңіз білесіздер, жақында өзен арнасының тартылуы салдарынан Бұзауслан, Жапырық ауылдарында ауыз су болмай қалды. Су таситын көліктер тұрғындарды ауыз сумен қамтуға жұмылдырылды. Қазір жағдай қалпына келгеннен соң қайта суарылып жатыр, – деп қоқыс жинайтын трактор сұраныс түссе баратынын қаперге берді.
Ауыл тұрғындары Мерғали Ғабдушев, Руслан Сәуменов, Уахит Масалов, Дара Рахметуллина, Гүлмара Бермұханова, Қанат Абулғазиев, Нұрлан Каримов, Қадырбай Жармұхамбетов, Өмірзақ Қажымғалиев және басқалары көптен айтылып келе жатырған өзекті мәселелерді көтерді. Олардың кейбірі бір жақты кетпей, жасалған жұмысты да бағалай білу керектігін айтып, ауданымыздың жаңа әкімі Абат Жанғалиевтің қызметіне жақсы баға беріп, қиын жағдайда қалған Бұзауслан ауылын сумен қамтуды шешкені үшін және қол ұшын берген жеке кәсіпкер Нұрбол Қабдоловқа ризашылықтарын білдірді.
Округ әкімінің жұмысы да қанағаттанарлық деп бағаланды. Енді көтерілген мәселелерден хабардар етсек, олардың қатарында РТС ауылын, 100-дің үстінде тұрғындары бар М.Қабдолова көшесін таза ауыз сумен қамту, қоқыс полигоны жанындағы лас судың айналасын қоршау, орталық көшедегі бордюрлердің тозығы жеткені, Үлкен Ганюшкиндегі апатты жағдайға жеткен көп пәтерлі үйлерде тұрудың қиындап кеткені, жанында орналасқан кәріз жүйесінің опырылып жатқаны, көше жарығымен қамту, Самаркин елді мекеніне келіп тұрған лас, әрі исі мүңкіген сумен кір жуудың өзі мүмкін болмай отырғаны, бұралқы иттердің көбейіп кеткені және т.б. бар.
Туындаған сұрақтарға Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, «Құрманғазы су арнасы» ЖШС басшысы Ерлан Такишев, аудандық ветеринариялық станса бастығының орынбасары Бауыржан Мусаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева жауап қайтарды. Округ әкімі РТС-тағы лас суды «Сұңқар» ЖШС қоршайтынын жеткізсе, ауыз сумен қамтып отырған мекеменің басшысы Самаркин, РТС ауылында судың жарамсыз болып отырғаны кейбір тұрғындардың жазғы су құбырын өз беттерімен «Ақбұлақ» таза ауыз су құбырына қосып алғанының салдары деген уәж айтты.
Сол сияқты 15 мыңға жуық халқы бар аудан орталығын 2 СТҚ толық қамти алмайтындықтан, су резервуарларын ұлғайтып, магистралды құбырларды ауыстыруға ұсыныс берілген. Бұралқы иттерге қатысты жауапта айтылған аудандық ветстанса бұрынғыдай оларды ата алмайтыны, аулап, облыс орталығына апаратыны, сол жерден сырғаланып қайта келетіні сұрақ қоюшыларды қанағаттандырмады.
Есеп беру жиынының соңында аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы:
– Қазір «Қиғаш» магистралды су ағызғысынан Жапырыққа келіп тұрған суға сүзгіш қою мәселесін қарастырып жатырмыз. Жағадағы насостарды алып тастап, қажет кезде жұмсау үшін резервуарларға су толтырамыз. Құрманғазы СТҚ құбыры «Қиғаш» магистралды су ағызғысына барып тұр. Алға қарай Орлы, Нұржау, Жаңаталап ауылдық округтері біртіндеп қосылатын болады. Бұзаусланда су бергенде кейбір таза су құбырларының бойында топырақ тұрып қалғаны анықталды. Әсіресе, Жеңіс көшесінде сондай жағдай орын алды. Су арнасының мамандары шақырылып, тазаланды. РТС-та да осылай болып отыр. Бұл таза су құбырын жазғы суға қосып алғанның кесірі. Үлкен Ганюшкиндегі апатты үйлердің тұрғындарын баспанамен қамтуға келсек, он үй сатып алуға қаржы қаралды. Ол бес санатты кезекте тұрғандарға беріледі, сол кезде ескереміз, – деп басқа да сұрақтарға жауап қайтарды.
Қанат ҒҰМАРОВ