Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі Құрманғазы аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен ұлы күйші-композитор, қазақтың музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығын насихаттау және ұлығылу мақсатында жас домбырашылардың «Күй құдыреті» атты байқауы өтті.
Аталған байқауға Д.Нүрпейісова, Абай, Ломоносов, Ә.Сәрсенбаев, Гагарин, Ақкөл, Ы.Алтынсарин, М.Әуезов орта мектептерінен 14 оқушы қатысты. Оқушылар жас шамасына қарай орта және жоғары топқа бөлінді.
Атына заты сай болып, қос ішіктен төгілген күй құдыретін паш еткен байқаудың шартына сәйкес оған қатысушылар бірінші кезеңде Құрманғазының бір шығармасын орындап, оның шығу тарихын қысқаша әңгімеледі. Екінші кезеңде музей қызметкері ұсынған дорбадан бір сұрақты суырып соған жауап берді. Бұл кішкене қиындау тиіп, күйді жақсы орындағанымен өнердің осы түріне қатысты қойылған сұрақтарға жауап қайтара алмағандар кездесті. Үшінші кезеңде әр қатысушы өзі таңдаған бір композитордың шығармасын орындады. Одан бәрі жақсы өтті.
Байқауды әділқазылар алқасының төрағасы Жалғас Сағындықов қорытындылап, осындай шара ұйымдастырған аудандық музейдің басшысы Ж.Хайрошеваға ризашылығын білдіріп: – Жас домбырашыларға айтарым өнерлеріңіз өрге жүзсін! Бұл байқау үлкен жолдарыңыздың бастауы ғана. Сіздерден зор үміт күтеміз. Алда да осындай шараларға қатысып, жүлделі орындардан көрініңіздер. Кейбір қатысушылардың домбыра ұстауы мүлдем бөлек, икемі бары көрініп тұрды. Әрине, әр байқауда оның жеңімпаздары болады. Орын алмадық деп жасымаңыздар. Бәріңізге де тілерім өнер көгінде шарықтай беріңіздер,– деп әділқазылар алқасының мүшелері Алмазия Жахина, Мейіржан Ихласовпен бірге жеңімпаздарға дипломдар табыс етті.
Жоғары топтан І орынды Абай орта мектебінің оқушысы Бекзат Ибрагимов иемденді. Рахат Санжар (Ақкөл) мен Сайфеден Ұланға (Ә.Сәрсенбаев) ІІ орын тиді. ІІІ орын Ильяс Әділханов (Д.Нұрпейісова), Нұрдәулет Нұрланов (Гагарин), Балтабай Нуридденге (Ломоносов) бұйырды. Орта топтан қатысқан 8 оқушының арасынан І орынға М.Әуезов орта мектебінің оқушысы Малика Құбашова лайық деп табылды. Ы.Алтынсарин орта мектебінің оқушылары Шырайлым Райымбек пен Тұрақ Ринат ІІ орын алды. Абай орта мектебінен Інжу Марат, Аянат Ғарифолла, Перизат Саламатқызы ІІІ орыннан көрінді. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі Құрманғазы аудандық бөлімшесінің директоры Жазира Хайрошева барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, музей атынан естелікке кітаптар ұсынды.
Қанат ҒҰМАРОВ