Теңіз ауылдық округінде аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық аналар кеңесі және ауылдық клубтың ұйымдастыруымен «Отбасым – бақыт мекенім» атты Халықаралық отбасы күніне арналған мерекелік шара өтті.
Мерекелік шарада Инаматов Батырбек, Ғизатуллин Темірболат, Кесекбаева Доғдырхан отбасылары қошеметпен ортаға шақырылды. Экран арқылы олардың фотосуреттері көрсетіліп, үлгілі шаңырақтардың елге жасап жүрген қызметтері жайлы қысқаша әңгімеленді. Қатысушы отбасылар жүргізуші тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Округ әкімі Қайсар Мақсотов мерекемен құттықтап, Тәуелсіздігіміздің мәртебесі артып, көк байрағымыз желбірей берсін деген ізгі тілегін жеткізді. Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова өмірі кейінгі жастарға үлгі ардагер аналар Танзила Түңғатарова, Болдық Шайхықызына және шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған жоғарыда аталған отбасыларына ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің міндетін атқарушы Н.Қалиевтің Алғыс хаттарын табыстады.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова Инаматов, Ғизатуллин, Кесекбаева отбасыларын құрметтейтінін айтып, оларға деген ізгі тілегін арнады. Осындай тілектер еңбек ардагері Ұзақбай Жәдіғұлов, Гагарин атындағы орта мектептің директоры Гауһар Нұрлығайынқызы, округтің әйелдер кеңесінің төрайымы Сәулеш Бегалиева тарапынан да айтылды.
Шара барысында ауыл өнерпаздары әзірлеген концерттік мәдени-сазды бағдарлама тамашаланып, Теңіз ауылдық клубының меңгерушісі Гүлнар Насипова әдемі кешті қорытындылады.
Айнагүл Шакупова