Сәуір айының 15-16 күндері Атырау қаласындағы «Сарайшық» коммуналдық базарында аудан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің жәрмеңкесі өтті.
Ауылдан артынып, тартынып жеткен тауар өндірушілер облыс орталығы тұғындарына өнімдерін қалтаға соқпайтын қолайлы бағада ұсынды. Соған сай құрманғазылықтар апарған ет, сүт, балық өнімдерін саудалаушылардың қарасы қалың болды. Нарықтағы бағадан әлде-қайда арзан сатылған тауарлар сатып алушылардың көңілінен шықты.
«Құрманғазы СДО» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (төрағасы Бержан Кенжебаев), «Балтас» (басшысы Тілекқабыл Қарамалаев), «Құбашев Е» (басшысы Есболат Құбашев) шаруа қожалықтары ет және ет өнімдерін апарды. Оразғали Алғаязов жетекшілік жасайтын «Алғаязов У» шаруа қожалығы түйенің шұбаты мен сиыр сүтін саудаға салды. «Мақаш» ӨК (төрағасы Жеңіс Абулхайыров), «Ақжонас» ЖШС (төрағасы Мұхар Шаяхметов) және Семен Жалғастың, Дидар Ғабидуллиннің, Имамеден Құспановтың шаруа қожалықтары қой малын аяқтай сатуды ұйымдастырды.
«Амангелді» ЖШС (төрағасы Мұрат Әмірғалиев), «Тілекші» ЖШС (төрағасы Ахметов Орынтай) және «Сәрсенбаев Е» шаруа қожалығы (жетекшісі Қарлығаш Өтепова) Қиғаштан жаңадан ауланған балық-байлығымызды сөреге шығарды.
Ауа райының қолайсыздығы мен қатынастың қиындығына қарамастан тауарларын апарғандарға жәрмеңке ұйымдастырушылар мен аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі атынан ризашылық білдірілді.
Айбек НӘЖІМОВ