Наурыз – мереке мен берекенің айы. Табиғаттың түрленіп, ерекше әсем реңкке боялатын шағы. Жер-ананың бусанып, тоңы жібіп, Самарқанның көк тасы еритін мезгіл. Қаһарлы қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-бірімен құшақтасып, көрісетін қуанышты сәт. Амал мерекесі немесе көрісу – ағайын-туыс татулығы, ел бірлігінің бір көрінісі іспетті.
Қазақ тарихында бұл күн жайында түрлі деректер мен аңыздар баршылық. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілі. Жаңа күн деген сөз», деп жазады. Мұндай мысалдан біз тек батыс өңірінің қазақтары ғана емес, шығыстағы жұртымыздың кейбір аумағы Жаңа жылды 14 наурызда қарсы алғанын біле аламыз. Жалпы, бұрын ата-бабамыз наурызды бір күн емес, тұтас ай бойы тойлаған. 14 наурыз – Амал, Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы айдың соңына дейін жалғасқан. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлттың ұстының айқындаудағы мәні де, маңызы да зор.
Тақырыпқа өзек болған көрісу салтына келер болсақ, көпшілік арасында кереғар түсінік те бар. Ескі салт бойынша ұзатылған қыздар жыл толмай жұртына баруына болмайды. Бұл «қыз жаңа қауымға алаңсыз үйренсін» деген мақсаттағы дәстүр. Келін елін, бауырларын сағынып жүрген осындай кездерде оның аға-інісі іздеп келеді, сол кезде қыз оларға өлең, жырымен көрісіп, өзінің сағынышын, өкпе-назын, қуанышын білдіреді. Бұл – қыздың көрісуі деп аталады. Бұдан өзге бауырларын көптен көрмеген, сыртта жүрген әйелдер де туыс-туғанын көргенде, көрісіп жылап, мұңын шағады. Бұл да көрісу. Туыс-туғандары, ет жақындары қайтпас сапар шеккенде артта қалған ағайын, көрісіп жылайды, дауыс қылады. Қарап отырсақ, көрісудің бірнеше түрі бар. Бірақ, бұлардың ешқайсысын да наурыз көрісуімен шатастыруға болмайды.
Бұл дәстүр ағайын арасындағы түсінбеушілікті жойып, татуластырып, табыстырады. Арадағы өкпе-ренішін кетіріп, араздықты ұмыттырады. Тек бір-біріне жақсылық тілеп, алғыс білдіреді. Көңілдің жаңаруы деген – осы. Қазақ кеңпейіл, қамқоршыл халық деп таниды өзгелер. Осы ретте көрісу дәстүрі де ізетті болу, бата алу, қамқорлық таныту дегендей игі істерді өн бойына дарытуымен құнды десек жарасымды-ақ.
Наурызда аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Бұл күнді еліміздің батыс өңірі Амал, Көрісу мерекесі деп атаса, оңтүстік өлке «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп ерекше әспеттейді. Ал Шығыс және Орталық Қазақстан аймағын қоныстанған халық арасында бұл мейрам Отамалы деген атауға ие. Алайда, әр аймақ түрлі атау бергенімен, Наурыздың ұлтымыз үшін мұраты бір – ол бауырмалдық пен ауызбіршілік. Демек, Наурыз мейрамының күн мен түннің теңелер шағы 22 наурыздан емес, 14 наурыз – Амал, көрісу мерекесінен басталуы тегін болмаса керек. Ренжіскен ағайын татуласып, барлық жамандық атаулы ұмытылып, тек жақсылыққа қарай мерейлене бет бұратын бұл күннің шын мәнінде шапағаты мол. Сондықтан жыл басы – Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде ұлықтап, Көрісу мерекесін тұтас ұлт болып тойлап, жалпыұлттық мейрамға айналдырудың уақыты әлдеқашан жеткендей.
Өткен айда Мәдениет және спорт министрлігі Президенттің тапсырмасы аясында «Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірлеген болатын. Тұжырымдамада Ұлыстың Ұлы күнін тойлау 14 наурыздан басталады деп көрсетілген. Негізінде халық дәстүрінде наурыз мерекесі тоғыз күн тойланған. Бұл той наурызнама деп аталады. Көрісу салты 14 наурыздан, тоғыз күн бойы жалғасып жататын болса, дана халқымыз әр күннің жеке ырымын белгілеген, әр күніне лайық ойын-сауық ұйымдастырып, дастарқан жаяды. Міне, осы құндылықтарымыз қайтадан жаңғырып, ұлық мейрамды тойлаудың жаңа форматы енгізілді. Міне, «көрісуді» барша қазаққа тән, қалыптасқан дәстүр, Наурыздың беташары десе де болады.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы – тағы бір көктем келді. Бұл уақытта жер басып жүрген үлкен-кішіміз күннің қызуын, көңілдің шуағын сезіне түсеміз. Осы кезге аман жеткен барша ағайынға «Бір жасқа келуіңізбен!», «Жасыңызға жас қосылсын!» дейміз.
А.Шакупова