Құрбан айтты жоғары деңгейде атап өтті

(0 Votes)

Құрбан айттың үшінші күні Құрманғазы ауылы Үлкен Ганюшкин елді мекенінің батыс жағының (МонБан) азаматтары мереке құрметіне үлкен шара өткізді.

Бөгет астына бір киіз үй мен палатка құрылып, балаларға тегін батут, ойын алаңдары ұйымдастырылды. Оларға осы жерде жүздеген тәтті сусындар мен балмұздақтар таратылды. Арқан тарту, садақ ату, кір тасын көтеру, қол үшін сынау, күрес, волейбол ойындары сияқты спорт түрлерінен сайыстар қызықты әрі тартысты жалғасты. Спортшыларға жанкүйер болып, дем берген ауыл тұрғындардың ішінен өз командаларының жеңіске жеткенін көргендердің көңілі серпіліп қалды. Осы шараны ұйымдастырушылардың бірі Нұржан Химеденов бізбен әңгімесінде ұсыныстарын құп алып, қолдау көрсеткен барша азаматтарға ризашылығын білдірді.

Ауыл үлкендері де назардан тыс қалмай киіз үйге алқа-қотан жайғасып, мерекелік дастарханнан дәм татты. Мерекелік шараның ашылу салтанатында Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев құттықтау сөз сөйлеп:

– Бүгінгі шараны жастар өз бастамасымен атқарып жатыр. Ешкім талап етіп немесе мәжбүрлеген жоқ. Мұны өткен ХХ ғасырдың басында Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллиндердің ұлағатты ісіне теңеуге болады. Ауылдық жерде мұндай бастама көтеру тың құбылыс. Осының өзі жастарымыздың рухани дамығанын, тектілікті көрсетеді. Олар дініміздің жақсы жағын істерімен жеткізіп отыр. Кеңес Одағы кезінде ауылымыздың жастары Ганюшкин, Самаркин, Бұзауслан, Рембаз және басқаларына бөлініп алып, төбелесіп жүрді. Адам өлімі де болды. Сонда мына түрімізбен келешегіміз қандай болар екен деп қорқып, ішіміз қан жылайтын. Тәуелсіздік соны өзгертті. Бұл бір кездегі көкелеріміздің ізін жалғастыру, сендерде ұлттық сана оянып келе жатқанының дәлелі. Құрбан айт бұған дейін жеке үйлерде өтетін. Енді, міне осылай құрмет көрсетілуде. Жалпы Құрбан айттың үш ерекшелігі бар. Біріншісі – бұл күні барлық мұсылманның есігі ашық тұрады. Кім келсе де Құрбан етінен дәм татады. Мұны Алла разылығы үшін жетім-жесір, кедей-кепшекке жасалған қамқорлық деп түсінеміз. Екінші, ерекшелігі – адамдарды бірімен-бірін теңестіреді. Бәрі де құдайдың алдында бірдей екенін түсініп, мен баймын, басшымын деп шіреніп жүрмей бірге тойлайды. Үшінші ерекшелігі татуластырады. Дәм татқызып құрметтегенде адам кикілжіңін ұмытады. Өзара құрмет пен сыйластық орнайды, – деп ризашылығын білдіріп, он кітабын жастарға тарту етті. Құрбан айт мерекесінің құрметіне ұйымдастырылған шараның соңында спорттық ойындардың жеңімпаздарына дипломдар, медальдар мен сыйлықтар табысталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT