Көрік өнерінің хас шебері

(0 Votes)

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары айбарлы бабаларды, олардың ғажайып мұраларын тануға, қазақтануды үрдіске айналдырып, өшпес мұрамызды қайта жаңғыртуға бастама болды.

Төлепбергенов Саржан Төлепбергенұлы 1907 жылы 1 қаңтарда Жылой ауданы Майкөмген ауылында дүниеге келген. Әкесі Төлепберген зергерлік өнермен айналысып, көрік ұстап, темірден түйін түйген, темір ұстасы болған. Қол өнерінің арқасында мал тауып, бағып өсірген, сол кездегі байқуатты адамдардың біреуі болған. Анасы Ділда да өнерге жақын болған. Әкесі Төлепберген 49 жасында өмірден озғанда баласы Саржан 7 жаста еді. Әкесінің өнері дарыған баласы Саржан 13 жасында зергерлік өнерін жалғастырып, сол кездің өзінде көрік ұстап, пышақ, қайшы, ат әбзелдері - ауыздық, шығыршық, үзеңгі, т.б. жасаған. Сонымен бірге ол зергерлікпен айналысып, қыз балаларға арналған сақина, сырға, білезік жасап көзге түсе бастайды. 1932-1935 жылдарда Гуреев (Атырау) балық комбинатында ағаш шебері, темір ұстасы жұмыстарын атқарды.

1935-1940 жылдарда Теңіз (Құрманғазы) ауданына қоныс аударып, «Комсомол жол» балықшы колхозында көрік ұстап ұсталық өнермен айналысады. Қыс мезгілінде балықшыларға ат-шана, аттарына таға жасап, тағалап беріп отырған. Жаз мезгілінде балықшылардың ағаш қайықтарына арнайы шегелейтін шеге, якорларын жасап, моторларын жөндеп беріп отырған. Еңбегін жалғастыра отырып, Астрахань қаласында 1939-1940 жылдарда судномеханик дайындайтын арнайы курста оқып, бітіріп мамандық алып шығады. Үлкен кемелерде судномеханик болып жұмыс жасап, Каспий теңізінен балық аулаушыларға мол көмегін береді. 1940-1946 жылдарда балықшылармен бірге балық аулап майдандағы жауынгерлерге жіберіп отырған. Осы кезеңде үлкен кемелерге паром тіркеп, Азербайжан елінен Қазақстанға соғыстан зардап шеккен жауынгерлерді көшіріп, тасымалдайды. Осындай сан-салалы жұмыстардағы нәтижелі еңбегі үшін «1941-1945 жылдардағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.

1949 жылы бұрынғы «Красный Каспий» колхозында (ескі аэропорт ауылы) көрік құрылғысын қолдан жасап, ұсталық жұмысын жалғастырады. Сонымен бірге ауыл тұрғындарына, балықшыларға күнделікті тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтарын дайындап беріп, олардың шексіз алғысына бөлеенді.

1959 жылы Теңіз автотранспорт кәсіпорны ашылғанда ол темір ұстасы болып жұмысқа алынып, өзінің сүйікті ісін жалғастырады. Көрік құрылғысын орналастырып, техникаға қажетті құрал-жабдықтар, запас бөлшектер жасап, үздіксіз абыройлы еңбек етті. Осы кезеңде ол өзінің ұлы Рашитбекке ұсталық өнердің қыр-сырын үйретіп, киелі көрігін аманат етіп тапсырады, өз ұлынан басқа да бірнеше шәкірт дайындады.

Саржан Төлепбергенұлы зейнеткерлік жасқа келгеннен кейін де қарап отырмай тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар жасады, аңшылық, балықшылықпен айналысты. Үйде отырып жүн-терілерді өңдеп былғарыдан аяқ киім, тон тігіп, өнердің қыр-сырын ұрпақтарына үйретті.

Көрік өнерінің хас шебері Саржан Төлепбергенұлының үздіксіз нәтижелі еңбегі жөнінде сол кездегі аудандық «Ленин жолы» газетіне «Бармағынан бал тамған шебер» атты көлемді мақала жарияланды. Ол 1992 жылы 85 жасында өмірден өтті. Әке аманатын орындап, оның көрік өнерін жалғастырған баласы Рашитбек Саржанұлы Теңіз автотранспорт кәсіпорнында 2010 жылға дейін темір ұстасы болып абыройлы еңбек етті. Ұрпақ сабақтастығы әкесінің өнерін жалғастырған баласы Рашитбек Саржанұлы ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша қажетті құрал-жабдықтар жасап олардың алғысына бөленді, 1975 жылы «Ленин жолы» газетінде «Ұстаның баласы» атты мақала жарық көрді. Атадан қалған өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Аудандық мұражайда Саржан Төлепбергенұлының бірқатар бұйымдары сақтаулы.

Зайр Хидуллин, тыл және еңбек ардагері, КСРО кәсіптік-техникалық білім берудің үздігі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT