Ауырмайтын адам жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаса кім-кімде ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеді. Олар уақытпен санаспай еңбек етіп, батпандап кірген дерті жанына батып, көңілін қара бұл торлаған талай адамды сауықтырып, алғысына бөленіп жатады.
Анау дүниеге аттануға шақ қалғандардың да бойында үміт отын жағып, жүрегінде сенім қарлығашына ұя салдырып, өмірге кері оралтады. Сол себепті қай заманның да, мемлекеттің де қоғамдық өмірінде дәрігерлердің орыны ерекше. Бүгінгі әңгімемізде осы сала, нақтылап айтсақ ауданымыздың тұрғындарын медициналық қызметпен қамту жайлы сөз қозғамақпыз. Сұхбаттасымыз, Алматы қаласы Талдықорған қаласында туып-өскен азамат, Семей медицина университетінің түлегі, Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Асулан Нұрбұланұлы Абдрахманов.
– Асулан Нұрбұланұлы алдымен өзіңіздің еңбек жолыңыз жайлы қысқаша тоқталып өтсеңіз?
– Еңбек жолымды Семей қаласындағы онкологиялық диспансерде хирург болып бастадым. Ол жерде бір жарым жыл қызмет еттім. Одан кейін Мақат аудандық ауруханасына хирург болып ауыстым. Сол жерде бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу ісіндегі орынбасары қызметтерін атқардым. 2021 жылдың аяғына дейін Мақат аудандық ауруханасының бас дәрігері болдым. 2022 жылдың ақпан айынан бастап Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен Құрманғазы аудандық ауруханасында бас дәрігер қызметіндемін.
– Аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту, медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Басты жоспарымызда халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді, жақында ғана ел игілігіне берілген аудандық аурухананың жұмысын ұйымдастыру, мамандар тапшылығын жою ең бірінші орында. Бір жыл ішінде осы жұмыстарды жасаудамын. Әлі де атқарылатындары көп. Қазір 100 төсектік аудандық аурухана, күніне 250 адамды қабылдай алатын аудандық емхана, күндізгі стационар, оңалту бөлімшесі, әрқайсысы 10 төсектік Балқұдық, Сүйіндік ауылдық ауруханалары, 14 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медициналық пункт тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ауданымыздың дәрігермен қамтылуы – 12,1%, орта буын медицина қызметкерлерімен қамтылуы – 63,3%. Яғни, 68 дәрігер, 355 орта буын медицина мамандары бар. Мен мұнда келгенде аудан бойынша 16 дәрігер жетіспейтін. Соны азайттық. Қазір 13 дәрігер ауданымызға келіп қызмет етіп жатыр. Әлі де үш дәрігер вакансиясы бар. Оны да жоюға жұмыстанатын боламыз.
2023 жылы министрлік бекіткен өзіміздің ұсыныстарымыз бойынша Құрманғазы аудандық ауруханасын қазір көпбейінді аудандық ауруханаға ауыстырып жатырмыз. Бұйырса осы қаңтарда екінші деңгейде қызмет көрсететін инсульттік орталық ашылады. Соған мамандар тартып, жаңадан технологиялар алудамыз. Одан кейін осы жылы ауданымызда 13 елді мекенде жаңадан медициналық нысандар салынатын болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Денсаулық сақтау министрлігіне бұл жөнінде тапсырма берілді. Соның аясында ауданымызда 13 нысанды салу медициналық деңгейден өтіп, жоспары бекітілді. Енді олардың құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Осындай жаңалықтарымыз бар.
Қанат Ғұмаров