Көпірлер бір күнге жабылды

(0 Votes)

Сенбі, жексенбі күні карантиндік шектеулер енгізілгені өздеріңізге мәлім.

Осыған орай аудан орталығындағы көпірлер 12 шілде күні таңғы 6.00-ден 13 шілде күнгі таңертеңгі 6.00-ге дейін жабылды. Бұл тәжівирус індетінің таралуын тоқтату мақсатында жасалып отыр.
Айта кетер жайт бұған дейін карантин дегенмен көліктер әрлі-берлі шұбырып жатты. Қаулыға сәйкес олардың ішінде үш адамнан артық болмауы, жолаушылар бетпердемен отыруы және 65 жастан асқан адамдар тасылмауы ескерілмеді.

Той, қаде, табиғат аясында демалу деп әрлі-берлі сабылған тұрғындар екі күндік карантин екенін естен шығарып алғандай әсер қалдыратын. Вирус болса адамдардың осы бейқамдығын пайдаланғысы келгендей ауырғандар мен өлгендер санын көбейтіп жіберді. Күні кеше ғана тағы екі адам өмірден өтті.

Осыған орай 12 шілде күні аудан орталығындағы көпірлер жабылды. Үлкен Ганюшкин, Кресті, Бұзауслан, Самаркин көпірлерінің екі жағына және ПМК ауылының кіре берісіне полиция постылары қойылды.

Постылар арқылы жедел жәрдем мен жол құрылысында жұмыс жасап жатқан көліктер, дәрі алуға шыққандар, көрші ауылдан келе жатқан аудан тұрғындары ғана өткізілді. Қалғандарының бәрі кері қайтарылды.

Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров пен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Найзабек Құбашев бастаған аудан әкімдігі жанындағы мониторингтік топ мүшелері түске дейін аталған постыларда болып, тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, жекеменшік көлік иелерінің бірлі-жарымы болмаса басқалары алынып жатқан шараларға түсіністік танытты. ​

Көпірлер неге жабылғанын сұраған жүргізушілермен әңгімесінде аудан әкімінің орынбасары Жандос Мнафихұлы: – Сенбі, жексенбі күндері карантин жариялануына байланысты жеке көліктердің қозғалысы шектелетіні бұған дейін хабарланды. «Телеграмм» әлеуметтік желісінде де бұл жөнінде түсінік бердік. Атырау қаласында қоғамдық көліктер 25 шілдегі дейін тоқтатылды. Мұның бәрі адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында жасалып отыр. Бүгін орталықтан бастап жатырмыз. Тек шұғыл жағдайда, егіс салатын дәрігерді әкету қажет болғанда ғана өткізіледі. Өздеріңізге мәлім қазір індет жұқтырғандар көбейіп Атырау қаласында күніне жүздеген адам ауруханаға түсуде. Соны көре тұра бізде салғырттық басым. Басқа облыстарда ауырғандар бізден аз. Қадеге тамақ жеткізу керек болса постыға дейін көлікпен келуіне рұқсат, әрмен қарай ауыл ішіндегі автокөлік әкетеді. Бұған дейін бәрі басқаша болды, қазір қаншама адам ауырып жатыр. Енді, 25 шілдеге дейін әрбір сенбі, жексенбі күндері көпірлер жабылады,- деп қаулы талаптарын түсіндірді.

Жүргізушілер кейбір адамдар дүкенге бетпердемен кіруі қажеттігін тыңдамай, ауыр сөздер айтатынын, учаскелік полиция инспекторлары осыны ескеріп,ондайларға шарасын алса деген тілегін жеткізді. ​

Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Найзабек Құбашев қызметкерлеріне дәріханаға барамын дегендерді планшет арқылы бақылауды, өтірік айтып кірсе шарасын алуды тапсырды.
Одан әрі мониторингтік топ мүшелері аудан орталығындағы «Мерей», «Адия», «Амир» және басқа да бірнеше дүкенде болып, сақтық шараларының сақталуымен танысты. Олардың ішінде адамдарды көбірек кіргізген «1000 ұсақ-түйек» азық-түлік дүкеніне ескерту жасалды.
Дүкеншінің айтуынша жалғыз болғандықтан тұрғындар тыңдамай кіріп кетіп жатыр. Сөзінің шындығына сәл тұрғанда көзіміз жетті.

Топ мүшелері тәртіпке шақырғаннан кейін ғана іштегі адамдар оның айтқанын тыңдап кезек сақтауға көшті. Ашық тұрған екі автобөлшектер дүкендері де мониторингтік топ назарынан тыс қалмады.

Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміровпен әңгімесінде дүкен иелері қаулымен таныс еместігін алға тартты.

Ескерту алған бойда олар дереу есіктерін жапты. ​Кешке қарай мониторингтік топ сол құрамда тағы да аудан орталығын аралап шықты. Бәрі тып-тыныш. Жалғыз-жарым жаяу жүргіншілер бар. Көліктердің қарасы аз. Бір күн көпірді жапқан өз нәтижесін беріп адамдар үйлерінде жатыр. Тұрғындар көп баратын жаға бойларынан да ешкімді кезіктірмедік. Карантин талаптарына түсіністікпен қарап, оны дәл осылай сақтасақ біз бұл індеттен тезірек құтылар едік.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521