Шіркін ғұмыр, уақыт пен дүние, көшкен құмдай сусылдап бір орында тұрмайды-ау. Жылдар жылжып шежірелі тарихқа айналып, ұлағаттылықтың кең арнасы ұлғая береді. Сарқылмас қазына ойыңа ой қосады.
Білім айдынында қырандай самғап, бар болмысы, жігер-қайратымен шарқ ұрып, талай жас шыбықты иілдірмей қатайтқан, санасын самғатып, жан-дүниесіне нәрін құйып жарықтандырған, балапан қанатын мығым беркітіп, болашағына дара жол салған талғамы мен таланты таудай, бекзаттығы жарасқан, сабырлы да салмақты, ер мінезді, кең иықты, алып тұлғалы, жүзінен ізгіліктің, мейірімділіктің нұры төгіліп тұратын асыл азаматтың, ұлағатты ұстаздың есімін тілге тиек етіп, өрісі ұзақ, өнегесін мәңгілікке қалдырған айтулы істері мен еңбектерін әңгімелеуге тура келіп тұр. Осы орайда ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннің «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, мұғалім мектептің жүрегі» деп ерекше атап көрсетуі мұғалімнің жауапкершілігі мен міндетінің аса зор екендігін айқындайды. Алдымен жақсы ұстаз болу, ұйымдастырушылық қабілетпен, адамгершілігі жоғары азамат атану – бұл мамандықтың негізгі қағидасы. Олай болса біздің сыр қозғағалы отырған кейіпкеріміз Мәжит Құбашұлының бойына осы асыл қасиеттердің бәрі де жинақталған. Ол – өз мамандығының майталман шебері. Алғырлығы, тынбай ізденісі, шығармашылық шабытымен биік асуларды бағындырған білікті ұстаз.
Мәжекеңнің сәбилік, балалық кезеңдері табиғаты тамылжыған, терегі мен көк балауса құрағы жайқалған, асау арнасы толысып төгілетін, төскейі малға толы Зормата мен талай дарындарды түлеткен, өңірі ән мен күйге бөленген, тоғыз өзеннің тоғысындағы Дәшін аймағында өтті. Кішкентайынан өзін берік ұстады, бұзау бағып, құлын құшақтады. Суға шомылып, балық аулады. Аңшылық өнерге де бауланды. Ала жаздай шалғы орағы қолынан түспей, шөпте дайындады. Қыста қамыста шауып, шанамен де, арқалапта тасыды. Сөйтіп, еңбектің тәтті дәмін ерте татты. Осылайша шынығып шымырланып өсті. Мектепте оқып жүрген кездерінен-ақ алдына мақсат қойып, соны орындауға жігерленді. Оқуына зерек, талпынысы зор болды. Өнерге, спортқа деген құлшынысы оның ұстаздар алдындағы беделін арттырды. Сөйтіп, ол бесінші сыныптан бастап білім ордасының абыройын асқақтатты.
Иә, Мәжекеңнің ертелеу есеюіне әкесі Құбаштың ақыл-өнегесі, ұлына деген ыстық ықыласы, айтар ойының өтімділігі, берген тапсырмасының нақтылығы, уәдеге беріктігі оны алға ұмтылыс жасап, қай ортағада сіңісуіне, еңбекқорлыққа, табандылыққа құштарландырды. Құбаш әкесі талай сындарлы кезеңдерді бастан өткізген, жоқшылықта да, таршылықта да мойымай ерлікпен күрескен, тұрмыстың ауыр тауқыметін қайсар мінезімен, маңдай терімен жеңіп, төскейден шауып, өрге өрлеген арлы азамат. Каспийді шарлап, теңіз тарланы атанған атақты балықшы. Кейін орыс-қырғыз мектебінен білім алып, балық аулау бригадасын басқарады. Ауданымыздағы алғашқы ұжымдық шаруашылықтардың негізін қалаушылардың бірі. Ол іскер басшы ретінде сол кездегі Киров атындағы іргелі шаруашылықтың қой фермасын ұзақ жылдар жетектеп талай рет еңбек бәсекесінің жеңімпазы атанған айтулы басшы. Өңіріне «Құрмет белгісі» ордені мен бірнеше медальдар тақты. Елден алған алғысы мен құрметі өлшеусіз еді. Бірбеткей мінезді, сауалы салмақты, ұсынысы нақты, пікірі жинақы әкесінің өнегесін өз санасына тоқыған Мәжекең де турашыл, әділ, бір сөзділігімен, асыра айтуды білмейтін, сыр шашуды сүймейтін, адалдықтан айнымайтын, ойын оздыратын, көңіл көкжиегі кең, жаны жомарт сергек сезімді мәдениетті жан.
Мәжекеңнің анасы Ағибаш екі қоғамның куәгері болған, өмірдің талай тар жол, тайғақ кешу кездерін бастан өткізген қайратты ана. «Өзінің үш қыз, бір ұлын дүниеге әкеліп, заманның небір ауыртпалықтарын қайыспай көтеріп, түн ұйқысын төрт бөле жүріп, ері Құбаштың алаңсыз жұмыс жасауына, таңсәріден қас қарайғанша шаршап-шалдығып жүргенінде көңіліне кірбің салмай үйдің де, түздің шаруасын дөңгелентіп, перзенттерін оқытып-тоқытып, еңбекке де төзімді етіп баулай білген қара нар еді» дейді, ол кісінің көз көрген жерлестері. Үнемі көк теңіз бен кең даланың ойы мен қырын шарлап үй көрмейтін, Құбаш азаматының ат үстінен түспей елінің ағасы атануы ойы жүйрік, кісілігі де, кішілігі де бар, ақылды, асып-таспайтын, дүниеге қызықпайтын қанағатшыл, айналаға шуағын шашып, қамқорлыққа әзір тұратын, жан дүниесі нәзік, жүрек жылуы мол, қатыгездік пен шайпау сөзден ада Ағибаш әженің көрегендігі еді. Қыздары Үміт, Бақыт, Марияны ибалы, кішіпейіл, саналарын самғаулы етіп тәрбиеледі. Ана өнегесі мен өсиетін пір тұтқан бұл бойжеткендерде алғыр да, алымды болып өсіп, ержетті. Өмірдегі қосақтарын тауып, шаңырақ отын маздатты, ұрпақ қызығына бөленді. Ал, Мәжекең болса қадірлі үш апасының мәпелеп, айналып толғанған ыстық сезімдерімен ерекше сыйластықпен азамат қатарына қосылды. Бүгінде Үміт, Бақыт апалары өмірден өтсе, Мария бауыры, оның шаңырағына ақ тілеуімен 80 жасты еңсеріп, сау-саламат жүріп жатыр. Ал, аяулы анасы Мәжекеңнің әрбір қадамына қуанып, мектептегі жетістіктерін жалғастыра отырып, жоғары оқу орнына түсуі оны мерейлендіріп, төбесін көкке жеткізді. Енді мамандығын игеріп, қолыма келін түсірсем деп армандады асыл ана. Бәрі де оңға айналып, ұлы ұстаздық дипломын алып елге оралып алғашқы еңбек жолын бастап, ана үмітін ақтап келе жатыр еді. Кенет тағдыр қаталдығы әзиз жүрек анасын айықпас дертке ұшыратып, өмірден опындырып әкетті. «Жазмыштан, озымыс жоқ» деген осы екен. Мәжекең қанша қиналса да Ана аманаты – өзін қуаттандырып, жігеріне жігер қосты. Абзал жанның сенімі ақталды.
Ол 1953 жылы Зорматадағы Сталин атындағы орта мектебіне оқуға барып, 1963 жылы осы білім ұясының соңғы түлегі болып, қолына орта білімі туралы аттестат алып шығады. Бұл жылдарда жоғарыда аталған мектепте есімдері аймаққа әйгіленген, Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты Роза Испуллаева, химия ғылымдарының кандитаты Жұмаш Химеденов, Ұлы Отан соғысының ардагері, ел ағасы атанған Кәрім Шайхымов, белгілі математик Шайдолла Тілегенов, тарихшы Сания Амангалиева, әскери жетекші Хиыс Құбашев сияқты ұстаздар еңбек етті. Міне, осындай ұлылардан дәріс алған Мәжекеңнің талапты ізденісі мен біліктілігі нәтижелі болды. Ата-ана батасымен жоғары оқу орына аттанып, құжаттарын тапсырды. Бойдағы ерік-жігер, жалынды жастықтың қуаты, жүректегі албырттық, толысқан білім ағыны оның сеніміне селкеу түсірмеді, сыннан сүрінбей өтті, арман асуында биікке шырқады. Сөйтіп, Гурьев қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институттың физика-математика факультетінің студенті атанды. Жоғары оқу қабырғасындағы төрт жылда Мәжекеңнің азаматтық келбеті ажарланып, толыса түсті. Оқуда да, тәжірибеде де өзінің дарынды қабілетін байқатса, спортта қайсарлығы мен батылдығын, ептілігін, күш-қуатының молдығын, жігерінен от жанған мықтылығын танытты. Бапкері еркін күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жерлесіміз Жөрес Ыскаковтың жаттықтыруы, ерекше дәріс беріп баптауы оның тұлғасын сомдай түсуге оң ыкпалын тигізді. Студент Мәжит Құбашев еркін күрестен біраз жылдар институттың ғана емес Ақжайық өңірінің абыройын қорғап, топ жарып, жеңімпаз атанған кездері ешқашанда ұмытылған емес. Шаршы алаңда талай менменсіген мықтылардың пысын басып, салихалы салмақтылығы, шыдамдылығымен қарсыластарын көпке ұзатпай-ақ аунатып жататын-ды. Осылайша республикалық, облыстық сайыстарда Мәжит Құбашұлы биік тұғырдың басында тұрып, қазақ елінің ән ұранын шырқатқаны мәртебе емес пе! 1967 жылы институтты ойдағыдай аяқтап, туған өңіріне оралған жоғары білімді ұстазды аудандық білім бөлімі жолдамамен Орлыдағы орта мектепке жұмысқа жібереді.
Ол өзінің жүрек қалауымен таңдаған мамандығына ерекше ынта-ықыласпен кірісіп, балбуынға білім нәрін себуден, тәлім-тәрбие беруден қымбат нәрсе дүниеде бола қоймас деген қағидамен күн сайын оқытудың жаңа әдістерін жетілдіре отырып, шәкірттерінің қызушылығын артырудың жолын іздестірді және оны тауыпта үлгерді. Баланың көңілі гүл сияқты өте нәзік келеді, сондықтан оларды бабына келтіру, кіршіксіз таза жүректеріне кірбің түсірмеу, тілін, түйінін табу мақсатында Мәжекең ізденіспен маңдай терін төкті. Орлы мектебінде төрт жылдай еңбек етіп, жастығына қарамастан білімдарлығы, көпшілдігімен әріптестерінің құрметтісіне, шәкірттерінің сүйіктісіне айналды. 1971 жылы туған ауылы Дәшіндегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке қызметке ауысты. Мұнда өзіне дәріс берген бірқатар ұстаздарымен қанаттаса, сырласа, ақылдаса жүріп еңбек етті. Бір кездегі шәкірттеріне аға-апалары оның қабілет-қарымын, өз ісіне шеберлігін байқап, ризашылық сезіммен жолының ашық болуын тіледі. Уақыт өткен сайын асау тұлпардай тыншымай Мәжекең білімнің тереңіне сүңгіп, ұстаздық қазынасын төгілдіре толықтырды. Мәжит Құбашұлы әр күнгі жұмысын шығармашылықпен ұйымдастыра білетін іскер маман сапында әріптестері арасында шоқтығы биік тұрды. Кеңес үкіметі жылдарында білім саласында тексеру-тергеу, бақылау шаралары жиі болатын. Осындайдың қай мезгілінде де оның сабақ беру, оқыту әдістеріне, оқушыларының білім сапасына сан жылдар бойына ешкімде ескерту жасай алмапты. Бұл шындық сөз. Бүгінде онымен бірге қызметтес болған ұстаздар осы жайды таңғалыса әңгімелейді. Тіпті, бірқатар инспекторлар «Сізден көп нәрсе үйрену қажет екен деп» тұжырым жасапты. Ақиқатын айтқанда Мәжекеңнің сабақты жүргізуі, түсіндіруі, әр оқушының қабылдауына мән беруі, олардың жүрегіне ұнамды етіп ұғындырып жеткізуі ерекше қабылеттілігінің нәтижесі еді. Физика пәні – негізінен нақтылыққа құрылған болса, оны қазақтың ұлттық тәрбиесіне, халықтық педагогикаға ұштастыру Мәжекеңнің ұстаздық шеберлігінің, тапқырлығының, ғылыми бағыттағы ізденісінің жетістігі екені сөзсіз.
Мәжит Құбашұлы 40 жылдан астам уақыт білім саласында мінсіз еңбек еткен жылдарында республикалық, облыстық, аудандық конференцияларға, семинар-кеңестерге қатысып, баяндамалар жасаса, ғылыми жобалар мен педагогикалық оқулардағы табыстары да аз емес. Соның ішінде бірер маңыздыларын ғана аттап өтуді жөн көрдік. Оның «Физика сабағында халықтық педагогика элементтерін пайдалану тәжірибем» деген еңбегі облыстық педагогикалық оқудың бас жүлдесіне ие болса, «Теорияны демонстрациялау тәсілімен тексеру тәжірибем» атты еңбегі республикада жеңімпаз атандырды. Айтулы ұстаздың бірнеше ондаған педагогикалық және ғылыми тұрғыдан жазылған туындылары, проблемалық еңбектері уақытында жоғары бағасын алды. Ал, өткен ғасырдың 60-шы жылдары ауданда алғашқы физика кабинетін талапқа сай жабдықтап, оқу жүйесін жетілдірудің жаңашыл әдістерін енгізіп, іс-тәжірибесі облыс көлеміне таратылған бірден-бір ұстаз Мәжекең еді. Дәшін ауылының көлемі үлкен, тұрғындары тығыз орналасқан болса, шағын және шалғай орналасқан елді мекендері де ондап саналады. Онда негізінен малшы отбасылары қоныстанған. Олардың балалары үшін мектеп жанынан әдейі жатақхана ашылып, жұмыс жасады. Бұл бір өзіндік тауқыметі мол, сақтық пен жауапкершілікті талап ететін оқу орны болып есептеледі. Осы мекемеге Мәжекең ұзақ жылдар басшылық жасады. Басты мәселе – жылу мен санитарлық тазалықтың сақталуы, балалардың ойдағыдай тамақтануы, демалуы, бос уақыттарын тиімді өткізуі, сабаққа тиянақты әзірленуі, тәрбиелік шаралардың өз дәрежесінде ұйымдастырылуы болып табылады. Осы орайда Мәжит Құбашұлы «жарғақ құлағы жастыққа тимей» бар күш-жігерімен білімін сарқа жұмсады. Заманның таршылығына орай жетпестік аз болған жоқ. Сондықтан күні–түні жүріп, керекті іздеу, басшы орындардың есігін қағып, мәселе қойып, дер кезінде шешуде Мәжекең жалықпады. Бәрінде алдын-ала ойластырып, тәрбиеленушілердің ойдағыдай қамын жасады. Сөйтіп, мектеп оқушыларының төрттен бірін құрайтын жатахана балаларының сабақ үлгерімі 100 пайызды, сапасы 52 пайыз құрады. Озаттар мен екпінділер қатары көбейді. Жатақхана түлектері өнер, спорт салаларынан белсенділіктің үлгісін көрсетті. Аудан мектептері жанындағы жатақханалар ішінен «Ең үлгілі ұжым» атағын иемденіп, іс-тәжірибелері таратылды.
Осындай жетістіктері орынды бағаланып, меңгеруші, талантты ұйымдастырушы Мәжит Құбашұлы «Социалистік жарыстың екпіндісі» төсбелгісімен және ауданда жеке дара Одақтық оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы жылы Қазақстан Республикасы білім министрлігінің Құрмет грамотасына да ие болды. Бұл оның маңдай терінің, қажымас қызметінің жемісі еді. Мәжекең үздіксіз он жыл бойына мектептің кәсіподақ ұйымын қоғамдық негізде басқарып, мұғалімдер мен техникалық қызметкерлердің әлеуметтік жағынан қорғалуын толықтай жүзеге асырды, әкімшілікпен бірлесіп, келісімшарт жасалып, оның талаптары мүлтіксіз орындалып отырды. Орынсыз арыз-шағым туғызбады. Мұғалімдерді, жұмысшыларды көтермелеу, еңбектеріне орынды баға беріп марапаттау, қиын жағдайларда қамқорлау өз дәрежесінде жүргізілді. Осылайша ол заң талаптарын принципті түрде орындата білді. Мәжекең жай ғана сабақ беріп, жас ұрпақты еліміздің патриоты етіп тәрбиелеумен шектелмей, қоғамдық жұмыстарғада белсене араласты. Жергіліктің кеңестің депутаты, халықтық бақылау ұйымының мүшесі, ақпарат тобының жетекшісі, лектор, насихатшы, аудандық соттың заседателі, облыстық білім департаменті мен аудандық білім бөліміне пән бірлестіктерінің басшысы ретінде игілікті істер атқаруы, қарапайым мұғалімнен қайраткер тұлғаға дейін көтерілуін айшықтай түседі. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын қыстау жылдарында «Көкарна», «Күйген» «Шағырлы» ауылдарының үлкен-кішілерін саяси саналылыққа, имандылыққа, парасат-пайым, бірлік-ынтымақтастыққа тәрбиелеуде Мәжекең үгіт-көпшілік жұмыстарын жүйелі жүргізіп, тұрғындардың өндірістегі құлшыныстарын, ауызбірліктерін қалыптастырған көлемді істер атқарып, оның бұл қызметін облыс, аудандық үнжариялар жарыса жазғаны әлі есімізде. Иә, Мәжит Құбашұлын мектеп ұжымы ғана емес дархан Дәшіннің алыс-жақындағы бүкіл тұрғындары халық мұғалімі деп танып, азамат, ел ағасы, қайраткер, адами қасиеттері өмірлі, терең білімді, білігі мықты, айтары мол, қарапайымдылығымен қадірлі тұлға екенін мақтан етті. Қазірде ұлағатты ұстаздың 15 шәкірті аудан мектептерінде физика пәнінен дәріс беруде. Бұл оның тікелей ықпалы, ақыл-кеңесімен мамандық таңдаған сенімді түлектері, бәрі де өз ісінің шеберлері. Ал, республиканың әр аймағында оның білімінен суарылған, ел-жұртының айбынын асқақтатып жүрген шәкіртері қаншама. Ғылым докторлары Е.Махмудов, Ж.Нәжмеденов (мархом), ақын, филиология ғылымдарының кандитаты, республикалық, Сарайшық журналының бас редакторы Гулзада Ниеткалиева, аудан әкімдері болған А.Тәкешев, Қ.Садықов, атақты кәсіпкер Ә.Бисенов, айтулы құрылысшы М.Матыбаев, биік лауазым иелері болған экономистер Қ.Арыстанов, Е.Жолжанов, ауыл әкімдері А.Тәжібаев, Б.Бралиев тағы басқалары, айта берсе тізімі ұзаққа созылады. Міне, ұстаз мерейі, еңбегінің жеңісі, өмір-өнегесінің жасампаздық жалғасы.
Мәжекең мансап пен атаққұмарлыққа әуес болмаған адам. Оны бірнеше қайтара мектеп директорлығына шақырғанда бармауы осы сөзіміздің айғағы. Ол барын қанағат тұтты. Өңіріндегі «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, «Әдіскер мұғалім» атағы, республика мен облыс, ауданның он бір Құрмет грамотасы, сондай-ақ, дипломдары еңбегінің еленіп, ардақталғаны. Мектептерге психолог штаты берілген кезде бұл лауазымға бірден Мәжекеңді тағайындау жөнінде ұсыныс болып, оған ол қарсылық білдірмеді. Себебі, педагогиканың қыры мен сырын жетік меңгерген, бала жанының ерекше бағыбаны Мәжит Құбашұлы тума талантымен психологиялық қызметтің мектептегі негізгін салып, тың бастамаларды қолға алып, оқу-тәрбие үрдісін дамытудың жаңашыл, нәтижелі әдістерін қалыптастырды. Білім ордасынан психологиялық орталық құрып, мұғалімдер мен ата-аналарға елеулі әдістемелік көмектер берілді. Білім саласының түйткілді, мәселелері терең зерттеліп, зерделенді. Әрбір оқушының мінез-құлқы, қабылеті, тұрмыстық жағдайы, көңіл-күйіне дейін талданып, бақыланып, соған сай нұсқаулар әзірленді. Әлеуметтік карталар дайындалып, мектептің өмір-тынысы айқындалды. «Адамның адамшылығы істі бастағаннан білінеді» деп ұлы Абай айтқандай тыңнан салынған бұл қызметті де «әп дегеннен» өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қасиеті, көрегенділігімен өмірінің соңғы жылдарына дейін қылау тигізбей, сызат түсірмей мінсіз атқарды, тәжірибесі аудан, облысқа таратылды. Міне, дарынды ұстаздың қарымды қабылеттің сыры осында. «Сегіз қырлы, бір сырлы» ізденімпаздылығымен жаңашылдығы, ерінбейтін еңбекқорлығы бір бөлек, тұтас елді тәрбиелеуге бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен асыл жан, әзиз жүректі ұлағатты ұстаз Мәжит Құбашұлы Пайғамбар жасына 5-6 ай жетпей дүниеден өтті. Берері мол, білімнің шынар биігіндегі сардар тірідегі сарқылмас қазынасын тауыса алмай, бүгінде туған жер топырағында тыныш жатыр. Бірақ өкініштісі жоқ, мәңгілік ізін, өшпес өнегелі шежіресін қалдырды.
Мәжекеңнің киелі шаңырағы туралы да ұзақ сонар сыр шертуге болады. Алты баласы, екі қыз бен төрт ұлының анасы, жан жары Гүлжиянмен институтта бірге оқыды, ол да химия - биология пәнінің мұғалімі. Өңірге есімі белгілі Бақыш ақсақалдың төрт ұлының ортасында жайқалып өскен ерке қызы. Ағалары Жұмахмет пен Шаяхмет ел басқарған азулы азаматтар. Олар қарындастарын гүлдей құлпыртып өсірді, күйеулері Мәжитті туған інілеріндей қастерледі. Гүлжиян Бақышқызы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, 1964 жылы жоғарғы оқу орнына түсіп, мұғалімдік мамандығын игерді. 1969 жылы облыстық білім басқармасы Маңғыстауда педагог кадрлердің жетпеуіне байланысты жолдамамен, осындағы «Сенек» орта мектебіне жұмысқа жібереді. Жас мұғалім бірден тілтапқыштығы, білімділігі, зерделігімен көзге түсіп, екі жыл бойына ұжымның құрметті қыздарының бірі атанады. Мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына жоғарлайды. 1971 жылы шаңырақ құрып, туған аулына оралып, Дәшіндегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде биология, химия пәндерінен сабақ беру қызметін бастайды. Сөйтіп, 40 жылға жуық осы аталған білім қара шаңырағында Мәжекеңмен жарыса жемісті еңбек етті. Бұл аз мерзім емес. Оның балаларды соншалықты сүйетіндігі жанарында жарқырап көрініп тұрды. «Ұлағатты ұстаздың сабағын ұйып, қызыға тындайтын едік, әрбір тақырыпты мазмұнды да әсерлі, шынайы өмірмен байланыстырып, санаңа ой жүгіртіп тартымды өткізетін. Өте байыпты түрде күлімдей жүріп, қоңыр үнді жағымды дауысы, сөз шеберлігімен оқушыларды өзіне баулап алатын. Кейбір сабақтарын мерекедегідей әуенмен ұйымдастырушы еді. Апайдың киінуі, жүріс-тұрысы, пиязы мінезі, мәдениеттілігі бәрімізге үлгі-өнеге беріп тұрушы еді»,- дейді кезіндегі шәкірті, мемлекеттік саланың тәжірибелі қызметкері, сол ауылдың он жылдан астам әкімі болған Болат Мұхамбетжанұлы. Гүлжиян ұстаз-ананың жанының жайсаңдығы, шәкірттеріне деген жүрегінің мейірімділігі, жүзінің шуақтығы, ой-өрісі әлі жетілмеген балғын ұрпақтың мінез-құлқына сай зерделеп, өзінің мол тәжірибесіне орай жеткілікті бағыт-бағдар, өрісті тәрбие берудегі парасатпен пайымы, терең білімділігі шын мәнінде ұстаздық өнердің майталман күрескері екендігін айшықтап тұрғандай.
Гүлжиян Бақышқызы 1990 жылы мектеп бойынша алғашқы рет химия пәнінен тереңдетілген сынып ашып, онда білім алған түлектерінің 83 пайызы жоғары оқу орындарына түсіп, ұстаздарын мерейлендірді. Ал, оның бесеуі бүгінде өздері түлеп ұшқан білім ұясында сабақ береді. Ол бірнеше рет қатарынан облыстық, аудандық педагогикалық оқуға қатысып, жеңімпаз атанды. Пәндік сайыстарда да құр алақан қалған емес. 1991 жылы Гулжиян ұстазға «Аға мұғалім» дәрежесі берілді. Еңбегі еленіп, облыстың, аудандық Құрмет грамоталарымен марапатталды. Гүлжиян Бақышқызы мұғалімдік қызметі мен үй шаруасы, балаларының тәрбиесі бастан асып жатса да ауылдың мәдени, саяси өміріне белсене араласып, көпшіліктің құрметіне бөленген іскер жан. Ол ауылдық Кеңестің депутаты ретінде сайлаушылар аманатын мінсіз орындап, алыс ауылдарды дәрігерлік қамтудың мәселесін шешіп, тұрғындар ризашылығына бөленді. Жергілікті әйелдер Кеңесінің мүшесі бола жүріп, отбасы мен әйелдердің қоғамдағы орны, балалар тәрбиесі жөнінде біраз тындырымды істер атқарды. Еңбек және өмірлік жолында бақытын тапқан іскер ханым жолдасы, айбарлы азамат Мәжекең екеуі 40 жыл ғибыратты ғұмыр кешті. Осы жылдар ішінде дүниеге келген қыздары Майра мен Гаухар ата-ананың жолын қуған ұстаздар.
Үлкен қызы Майра Нұржау жалпы орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі – жолдасы Наурызбек. Гаухар – бүгінде аудан орталығындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің директоры болса, қосағы Альберт – ішкі істер қызметінің подполковнигі. Олардан 7 жиен, 6 жиеншар өсіп, жетілуде. Ұлы Ерболсын, келіні Венера – Актөбе қаласында тұрады, кәсіпкерлер. Ал, Болатбек баласы мен келіні Гүлжайна Мәжекең шаңырағын гүлдендіріп, ана көңілін жарықтандырып, тума-туыс бауырластарлардың бас қосатын алтын ордасына айналып отыр. Айбегі де өркенді азамат еді, өмірден ерте өтті. Зайыбы Гүлзира өз отауын мықтап ұстауда. Кенжесі Найзабек – аудандық полиция бөлімінің бастығы, подполковник. Зайыбы Әсия сыйлы келін, қызметкер. Ұлдарынан 11 немере өсіп, алды жоғары білім алып, шаңырақтың шаттығымен берекесін жалғастыруда.
Міне, ағайын әңгімемізді қорыта келіп, ойымызды жинақтап айтар болсақ Мәжит Құбашұлы мен Гүлжиян Бақышқызы «Ұлы сөз - ұстаз» атын үлкен биіктіктің, тазалықтың, даналықтың, әділдіктің көк туы етіп ұстаған әзиз жандар. Олар осылайша білім мен халыққа қызмет жасаудың биік талғамынан шығып, тамаша үлгі-өнеге таныта білген ұстаздардың бірегейі бола білді. Ұстаздық еңбектің шебері Мәжит Құбашұлын тағы бір еске ала отырып, бақыт пен баққа, шаңырақтағы шаттық, ұрпақ қуанышына бөленіп, ер азамат мейіріміне бай болған Гүлжиян анаға мықты денсаулық, баянды ғұмыр тілейміз. Қос ұстаздың мәңгілік із қалдырған өнегелі шежіресі ешқашанда ұмытылмасы ақиқат.
Жұмақай Ғұмаров,
Білім, мемлекеттік қызмет, Журналистика саласының ардагері
«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері