Аудандық орталықтандырылған кітапханада Атырау облысы Ішкі істер органдары Жол полициясы ардагерлері кеңесінің төрағасы, зейнеттегі полиция подполковнигі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Дүйсенбек Гайсинмен кездесу өтті.
Кеш кейіпкері аталған кітапханаға өзінің «Туған жер тұғырым – Зормата», өлкеміздің тумасы Абат Қыдыршаевтың «Шешен сөйлей білеміз бе?» кітаптарын тарту еткелі келіпті. Алғашқы сөз берілген Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Дүйсенбек Тастанбайұлы әңгімесін жол полициясында істеп жүргенінде басынан өткен оқиғаларды негіз етіп бұған дейін бір кітап шығарғанымен бастап:
– Зормата елге танымал қадірлі де ардақты адамдар шыққан мекен. Табиғаты тамаша жер. Суында балығы шыпырлап жататын, құстары шулаған, шалғыны тізеден келетін, халқы қатты қонақжай елді мекен болатын. Кезінде мұнда санаторий салу да жоспарланған. Бүгінде иесіз аралға айналды. Сондықтан оны жас ұрпақтың есінде, тарихта қалдырмасақ ұмыт қалатын түрі бар. Үлкендермен ақылдасып, кезінде Зорматыдағы Сталин мектебінде оқығандарға шығып, осы ауылда кімдер тұрды соның бәрін жинақтап қолымнан келгенше жұмыстандым. Мен журналист немесе жазушы емеспін, сол себепті бұл кітапты үш жыл жаздым. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Абат Қыдыршаев көмектесті. Келесі ұрпаққа тарихи құжат ретінде қалдырып отырмын. Жастар бұл тақырыпты әрмен қарай да жалғастырып, тереңірек зерттейді деген ойдамын. Ол енді болашақтың ісі, – деп деректер жинағанда Зорматыда туып-өскен ардагер журналист Мадат Сәрсекеевпен ақылдасқанын жеткізді.
Сонымен қатар, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Абат Қыдыршаевтың антикалық дәуірден күні бүгінге дейін тарихи адамдар, ғұлама ғалымдар айтқан 2000-ға жуық шешендік сөздер жинақталған, тәрбиелік оқулық ретінде қолдануға болатын «Шешен сөйлей білеміз бе?» кітабына тоқталды.
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Мадат Сәрсекеев кітапты оқып шыққанда өзін биік төбенің басынан Зорматының жайлауына көз тігіп тұрғандай сезінген. Автордың әкесі Тастанбай аға мен анасы Маруан қарапайым адамдар болғанымен олардан өрбіген ұрпақтар ауданда, облыста, республикада көрініп жүргеніне риза екенін жеткізді. Тастанбай және Сатау ағалардың ұрпақтары қабырғалы ел болғанын айтып, Зорматыдағы Қасқыртүбек атанған жер, ондағы қасқырлардың малға шапқаны жайлы әсерлі әңгімеледі.
Айтыскер ақын Мүтиғолла Ғани кеш кейіпкеріне домбырамен арнау орындады. Кітапхананың библиографтары Гүлайна Жалғасбайқызы Д.Гайсиннің «Туған жер тұғырым – Зормата», Сандуғаш Болатқызы А.Қыдыршаевтың «Шешен сөйлей білеміз бе?» кітаптарын жиналған оқырмандарға таныстырды. Ортаға қошеметпен Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары Аманжан Такешев пен Мадат Сәрсекеев шақырылып, аталған кітаптардың лентасын қиды.
Кешті аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Анар Мусина қорытындылап, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Дүйсенбек Гайсинге ризашылығын білдіріп, оқырмандарыңыз, жазарларыңыз көп болсын деп, шығармашылық қызметінде жемісті еңбек тіледі.
Қанат ҒҰМАРОВ