Көмек әлі де жалғасуда

(0 Votes)

Арыс қаласындағы төтенше оқиға халқымызға тиген тағы бір ауыр соққы болды.

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әрекет еткен елде береке орнайды. Болар елдің балалары болашақты болжайды. Жарылыстан жапа шеккен ағайынға бүкіл қазақ бір кісінің баласындай қолұшын созып, қолдау көрсетуге асығуда. Жанашырлық танытқан азаматтар топ-топпен барып жәрдемдесіп жатыр. Бұл ретте зардап шеккен тұрғындарды қолдау жөніндегі «Арыс, біз біргеміз!» атты жалпықазақстандық акцияны «Нұр Отан» партиясы Құрманғазы аудандық филиалы қызу қолдауда. Бұл туралы филиал төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиевті сөзге тартқан болатынбыз.

6

6

- Арыстағы жағдайды естіген күні Nur Otan партиясы аудандық филиалының ғимаратында гуманитарлық көмек көрсету пункті ашылып, қол жинай бастадық. «Біз, Арыспен біргеміз!» қайырымдылық пунктін ашып, әлеуметтік желілер арқылы аудан тұрғындарына, жеке кәсіпкерлерге хабарландыру тараттық. Жомарттық, мәрттік қасиет қазаққа бағзыдан тән. Дана қазағым «қайғыны бөліссе жеңілдейді» дейді ғой. Сол айтқандай, біз бәріміздің қабырғамызды қайыстырған осы бір қайғыны бөлісіп, аз да болса жеңілдетуге тырыстық. Құрманғазы ауданынан Арысқа азық-түлік,үлкендер мен балаларға арналған киім-кешек, сондай-ақ гигиеналық құралдар жіберілді. Істің басында жүрген ақ адал жүректерімен ұжымдарын ұйымдастыра білген ауылымыздың атымтай жомарт азаматтары Мирғали Ғабдушев, Төреміс Шарипов, Ақылбек Қайсағалиев, Роман Рахимов, «Арзан» дүкендерінің иелері (жас кәсіпкерлер өздерінің есімдерін атамауды сұрады), Гаухар Болатбаева, Еркінбек Халеновке және жастар ұйымына үлкен ризашығымызды білдіреміз. Сонымен қатар, «Серпер», «Құралай» базарларында сауда саттықпен айналысатын жеке кәсіпкерлерге, қашанда берекелі істің басынан табылатын «Құрманғазы» қайырымдылық қорына алғысымыз шексіз.

6

Жиналған тұрмыстық тауарлар Е.Халеновтың жүк көлігіне тиеліп, Атырау қаласындағы теміржол жүк қабылдау терминалына тапсырылды. Алдағы уақытта Үкімет тарапынан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жөнелтілген көмектің арқасында Арыс қаласы қалпына келтіріліп, тірлік ырғағы түзелетініне сенім білдіреміз. Алла Тағала келер күндердің қайырын берсін! – дейді Ө.Есенғазиев.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT