Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар мәселелерді қамтыған.
Оның қатарында мемлекеттік басқарудың жаңа модулі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, теңдестірілген өңірлік даму, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту-негізгі басымдық, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, экология мен биотүрлілікті қорғау, әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында, цифрландыру барлық реформалардың базалық бөлігі, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы, ұлттың жаңа болмысы сынды он бір бағыты алдағы өркендеуіміздің басты бағдаршамы іспетті.
Әр бағытта атқарылар басты міндеттер тайға таңба басқандай анық түсіндірілген. Осының оныншы «Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы» атты бағытында Президентіміз халықтың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тарту қажеттігін атап көрсеткен. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстырғанда ғана жемісін берері анық. Әкімдерді сайлау арқылы қызметке келуі көптен бері айтылып келе жатыр. Қоғамдық пікір сауалнамалар нәтижелері де халықтың осыны қалайтынын көрсеткен. «Халық қаласа хан түйесін сояды» дегендей Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті жүзеге асыру қажеттігін, кейінге қалдыра бермеу керектігін алға тартады.
Бұл туралы Жолдауда: «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн», дейді Қасым Жомарт Кемелұлы. Сонымен қатар жергілікті ресурстарды тиімді жұмсауды қадағалайтын өкілетті органдар мәслихаттардың пікірлері ескеріле бермейтініне тоқталады. Мәслихаттарға ондаған жылдар бойы шешілмей жүрген мәселелер жөнінде петиция мен қол жинауға өкілеттік беру, оның жанындағы тексеру комиссияларын күшейту де заман талабына сай қадам. Үкімет пен Есеп комитетіне қолданыстағы заңдылықтарға осы бағытта енгізілетін түзетулер пакетін жасақтау тапсырылды. Сол сияқты жергілікті өзін-өзі басқару органдарына – халық жиындары мен жиналыстарына да зор мән берілмек. Жалпы бұл Жолдау осындай өзекті мәселелерді көтеруімен құнды. Алдағы күндерде олар іске асып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Қанат Ғаббасов,
мемлекеттік қызмет саласының ардагері