Ағымдағы жылдың 10-12 ақпан аралығында автокөлік құралдарын ұрлауға және айдап әкетуге қатысы бар адамдарды анықтауға және ұстау, қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында «Айдап әкету» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Өткен жылы автокөлік бөлшектерін ұрлаудың 9 дерегі тіркелді. Құрманғазы АПБ-нің Криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде автокөліктің бөлшектерін соңғы 2-3 жылдан бері ұрлап, сақтап немесе басқа қалаларға арзан бағаға сатумен айналысып жүрген Құрманғазы ауылының үш азаматы ұсталып, кінәларын толық мойындап, іс сотқа жолданды. Жыл басынан бері автокөлік бөлшектерін ұрлаудың 1 фактісі тіркелді. Жедел шара жүргізу нәтижесінде қылмыс оқиғасы ашылып, екі тараптың татуласуына байланысты іс сотқа жетпей қысқартылды. Тәжірибеде көрсеткендей, ұрлық автокөліктердің, гараж немесе шарбақтардың ашық қалуы және ауласы сыртында болуы салдарынан көп орын алады. Автокөліктердің көпшілігін ұрлау үшін бір минуттан аз уақыт кетеді, ал автокөлік ұрылары өз әдістерімен барынша күрделі болып келеді. Дәстүрлі автокөліктердегі дабылдардың тиімділігі аз, өйткені ұрлық жасаушы өзінің ойын түн уақытында адам аяғы басылған, қалың ұйқыға кеткен соң жүзеге асырғанды жөн көреді. Сондықтан, мұндай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында автокөлікті кілттеп, оған дабыл, бұлтты бейне-бақылау жүйесін орнатып, GPS-тректор қоюға, түнгі уақытта аула ішін барынша жарықтандыруға шақырамыз.
М.Үмбеталиев,
Құрманғазы АПБ-нің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі