Көлік малды қақпасын десеңіз...

(0 Votes)

Құрманғазы ауылдық округінде тұрғындар жиыны өтті.

Оны округ әкімі Мұрабек Мұғалім ашып күн тәртібімен таныстырды. Негізінен үш мәселе қаралды. Олардың біріншісі ірі қара, түйе, жылқылардың автомобиль жолдарына шығуы салдарынан болатын жол көлік-оқиғаларының алдын алу үшін оларға түнгі мезгілде жарық шағылыстырғыш тағу, екіншісі күндізгі уақытта жол бойында мал жаюға байланысты тұрғындар арасынан ерікті түрде бақташы бөлуді ұйымдастыру, үшіншісі жеке меншіктегі төрт түлікті сырғалау, жаппай ен салу, таңбалау және ветеринарлық қадағалау.

img_3542

Аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Талғат Исаев орын алып отырған жол-көлік оқиғаларының себеп-салдарына тоқталып: – Көлік құралы рұқсат етілген жылдамдықпен келе жатса да, 20-25 жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі жүргізуші түнде тас жол бойындағы малды жақындағанда ғана байқап, тоқтап үлгермейді. Себебі көлік құралының жарығы 20-25 метрге шашыраса 40 шақырым жылдамдықпен келе жатса ол секундына 11,111 метрді өтеді. Сағатына 60 шақырым болса секундына 16,667, ал,халықаралық тас жолдарда 90-110 шақырыммен келе жатса 27,778 метрді өте шығады. Түнгі мезгілде малды 25-30 метр жерден байқаса 1-2 секунд ішінде тоқтап үлгеруге мүмкіндігі болмайды. Тіпті сағатына 40 шақырым жылдамдықпен келе жатса күрт тежегенде көліктің тоқтауы құрғақ тас жолда 10,4, дымқыл жолда 13,5, қар-мұздақта 52 метрді құрайды. Осының бәрін ойға алып есептеп қарасақ жүргізушінің малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасының алдын алуға мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысып отырған азаматтарға өтінішіміз – олардың мойынына арнай жасыл түсті жарық шағылыстырғыш ленталарды тағу қажет. Бұл жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басты қадамның бірі, - деп малды қағу өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда төмендеп, 3 оқиға (2018 жылы 6) болып отырғанын жеткізді.

img_3548

Аудандық соқырлар қоғамының төрағасы Қайрат Қайыров: – Атырау-Астрахань тас жолының қандай күйде екенін өздеріңіз білесіздер. Оған қарап жатқан жүргізуші жоқ. Тез жетуге тырысады. Жаңбыр жауған түні жолдың бойындағы ойықтарға шалшық тұрып қалады. Маңайда су көзі болмағандықтан сиыр, түйе, жылқы соны ішу үшін жол бойына шығады. Сол мезгілде сақ болу керек. Малды жолға шығармауға көп болып атсалысайық, - деп оларға екпе салу жөнінде әңгіме қозғады.

img_3551

Округ әкімі Мұрабек Мұғалім: – Жарық шағылыстырғыш тағу көп мөлшерде ірі қара, түйе, жылқысы барларға қиындау тиеді. Бірақ, бұл өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін қажет. Түнде жол бойында өзіңіз немесе ағайыныңыз, туысыңыз келе жатуы мүмкін. Осы жағын да ойлайық. Адам да, мал да аман болсын десек бұл істен тартынбайық. Бұрын Атырау-Маңғыстау жолында малдардың қатысуымен көлік апаты көп болған екен. Олар ірі малдарға жарық шағылыстырғыш лента таққаннан кейін күрт азайған. Заң бойынша оқиға күндіз орын алса жүргізуші, түнде болса мал иесі жауапты. Көлікке келтірілген залалды төлейді. Сот оны уақытына байланысты шешеді. Қазір кейбір адамдар малы қағылса жауапкершілікке тартылмау үшін құлағындағы сырғаны кесіп әкетеді. Оның өлексесін мал моласына біз тасып жүреміз, - деді. Одан әрі округ әкімі малға бақташы шығару тұрғындар үшін тиімді екеніне, төрт түліктің ауыл ішінде жүріп қоқыс жеп уланбайтынына, моншаға қазылған шұңқырға құлап өлмейтініне тоқталды. Көшеде жүрген малдың иесі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 505 бабы бойынша жауапқа тартылады. Ауылдық округтің басшысы оған мысал келтіріп аудан орталығындағы гүлдерді жеген малдың иесіне 2 рет ескертілгеннен кейін айыппұл салынғанын алға тартты. Болашақта Индер мен Доссор ауылдарындағыдай малды жылқымен айдап апарып қамайтын орын ашылады. Оған қамалған мал полицияның қатысуымен айыппұлын және тұрған күніне қарай жұмсалған жем-шөптің құнын төлеген соң шығарылады.

img_3556

Мал бағу мәселесі біраз талқыға түсті. Қатысып отырған шаруа қожалықтарының иелері 100 мың теңге жалақымен жастар жұмысқа келмейтіндігін, жеке меншігінде 50 бас ірі қарасы бар адамның 80 мың еңбекақы төлеуге жағдайы тартпайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ аудандық агроколледжде малды түстеп тануды үйретсе, оған жағдай жасауға оқытса, содан кейін аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы өздеріне 3 айға келісімшартпен жіберсе деген ұсыныстарын ортаға салды. Әйтпесе мал бағуға ешкім бармайды және әрі дегенде 1 айдан артық жұмыс жасамайды. Жиын барысында округтегі шаруа қожалықтары судан тапшылық көріп отырғандықтан каналдарды қаздырту жөнінде жоғары жақтарға ұсыныс жасау қажеттігі де айтылды. Ауылдағы қоқыс полигоны маңының тазалығы да қатысушылар назарынан тыс қалмады.

Бруцеллез ауруына шалдыққан малдар тұрған орындарды залалсыздандыру, түрлі екпелермен қамту жөнінде аудандық ветстанса бастығы Асланбек Бралиев түсінік беріп: – Мал не көктемде, не күзде егіледі. Қанын алған соң 1 екпе салады. Келесі екпе 6 айдан кейін жасалады. Тегін сырғалау, егу, есепке қою мал дәрігерінің міндеті. Мал бағып отырып қой құрттауды да ветеринар істеуі керек дегенге келіспейміз. Әрбір малшы жартылай мал дәрігері. Дәрі керек болса бар, береміз. Қырдағы малда ұлтабар, теңіз өресі бойында қарынның қызыл құрты көп. Бруцеллез шыққан жерді залалсыздандырып жүрміз. Ол негізі мал иесі есебінен жүргізіледі, алайда біздер дәрісі улы болғандықтан тегін жасап жүрміз. Өзіміздің жылжымалы көлігіміз бар, - деп туындаған сұрақтарға жауап қайтарды.

Қ.ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT