Құлақтан үнің кетпестей...

(0 Votes)

Білім айдынында мектеп атты кемені 11 жыл мекен еткен түлектердің желкенін үлкен өмірге қарай бұратын сәті келді. Ю.Гагарин атындағы мектептің 17 жас түлегі алтын ұясымен қоштасып, жаңа биіктіктерге қадам басты.

Бұлар көңілдері алабұртып болашаққа асыққан Теңіз ауылындағы іргелі білім ордасының 47-ші түлектері болатын.

«Қоңырау үні мәңгі өшпес жадымыздан» атты соңғы қоңырау салтанаты еліміздің Әнұранымен басталып, көк туымыз көкте көлкіді. Бүгінгі шараның басты себепкерлері – мектеп бітірушілер құрмет төріне есімдері аталып шақырылды. Мектеп директоры Гаухар Нұғыманова білім ордасының оқу жылы ішіндегі жетістіктеріне тоқталып, шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдерге Алғыс хат, озат оқуларымен көзге түскен оқушыларға мадақтама қағаздарын табыстады. Мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы Нартай Оразжанов бірқатар ұжым мүшелерін облыстық білім бөлімінің қызметкерлері көсіподағының Құрмет грамотасымен, жекелеген оқушыларды ақшалай көтермелеу сыйлығымен ұлығылады.

Шарада аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нурия Баймұханова, білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Арайлым Шарафиденова, Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Махсотов, ардагер ұстаз Амангелді Карсаков мектеп өміріндегі ерекше күнмен құттықтап, қияға қанат қаққалы тұрған түлектерге сәттілік, ұстаздар қауымы мен мектеп оқушыларына көңілді демалыс тіледі. Мектеп қабырғасымен қимай қоштасқан түлектер де аяулы ұстаздарына жүрекжарды тілектерін арнап, соңғы рет өздері дайындаған композицияларын көрсетті. Вальс ырғағымен дөңгелене билеп, күміс қоңырауды күмбірлете соқты. Құлақтан үнің кетпестей күмбірле соңғы қоңырау...

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521