Көктемгі көктің нәрі уытты Қазіргі уақыт малдың аузы көкке жетіп, қарнын тойғызар сәті.
Алайда мұның кереғар тұсы бар. Алты ай қыста қорадағы шөпті жеп келген малдың асқазаны бұған бірден бейімделіп кете алмайды. Көктемгі көктің нәрі уытты, оның арасынан малдың ағзасына қауіпті алколоидтары көп шөптер жиі кездеседі. Әсіресе, кекірік, шытыр, қызыл аталатын өсімдіктер қыстан әлсіреп шыққан, жаңа төлдеген малдардың ас қорытуына ауыр тиеді. Күні бүгін Қиғаш өзені бойындағы ауылдарда шөптен улану фактілері тіркеліп отыр.
Негізгі белгілері: улы шөпті жеген малдың қызуы көтеріліп, селқостанып, сұйық дәреті қызғылт түсті болады. Көздері жасаурап, бездері, бауыры, талағы, өті өсуі байқалады. Суға, шөпке тәбеттері тартпайды. Мұндай жағдайда жануарды өріске жібермей, қорада ұстап, жергілікті ветеринар дәрігерге қарату керек. Малға сұйықтықты мол беріп, тері астына антидот-атропин егілуі тиіс.
Кудряшов, Сафон, Бірлік, Теңіз ауылдық округтеріне қарасты жайылымдарда, өр суы келетін аумақтарда, бұрындары бақша егілген жерлерде шөптен улану қаупі басым. Күнделікті сауын сиырлармен қатар, бойдақ, еркек малдарды да түгендеп, қораға айдап әкелу қажет. Өрісте жатып, қонып қалуларына жол бермеңіз. Бұл аурудың асқынуының алдын алады, емдеп жазуға септігін тигізеді.
Әлімбай ӘБДІРАХМАН,
аудандық бас ветеринар дәрігер.