Д.Нұрпейісова атындағы өнер мектебінде әйгілі күйші-композитор, қазақ музыкасы мәдениетінің аса көрнекті қайраткері Дина Нұрпейсованың 160 жыл толуына орай сыр-сұхбат кеші ұйымдастырылды.
Оған Нұрпейістің немере қарындасы, Дина әжеміздің немере қайын сіңлісі, Жұмекен ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Нәсіп Нұрсұлтанқызы, ұлы күйшінің немере қайын інісі, ҚР Қарулы Күштері бөлімінің қызметкері Ғарифолла Оралбек қонақ ретінде шақырылды. Өнер мектебінің директоры Милана Қадырқызы қазақ халқының ең құнды мұраларының бірі – күй өнерінің тарихы, күй анасының өмір жолы мен шығарамшылығы жөнінде жан-жақты мәлімет беріп, сөз кезегін кеш қонақтарына ұсынды.Еңбекші жалпы орта мектебінде 40 жыл ұстаздық еткен, еңбек ардагері Нәсіп Нұрсұлтанқызы Дина Кенжеқызымен туыстық байланысын айтып, бала кезінде үйіне Алматыдан әжейден үнемі сәлемдемелер келіп тұратынын еске алып, оның қыздары, немерелерімен осы күнге дейін байланысын үзбей келетінін жеткізді. 1955 жылы әкесіне жіберілген Дина әжейдің туыстарымен бірге дастархан басында отырған суретін әлі күнге көздің қарашығындай сақтап келетінін тілге тиек етіп, шараға қатысушыларға Нұрпейістен тараған ұрпақтарымен түскен фотосуреттерін көрсетті. Қазіргі таңда күй анасы туралы баспасөз беттерінде түрлі бұрмалаушылықтар айтылып жүргенін айтып, дәйекті дәлелелдемелер келтіріп, теріс пікірлерді жоққа шығарды. Өзі де Дина әжейдің шежіресін схемамен түсінікті етіп жасап, оны марқұм жолдасы Қаламғали Жармұхамбетовтың кітабына енгізгенін айтты. Ардагер ұстаз Ғарифолла Оралбек ұлы күйшімен тікелей генетеикалық туыстығы болмаса да, анасы Ипаттың қалай туыс екенін түсіндірді. Дина әжеміздің үлкен ұлы Жұрынбайдан қалған көзі тірі, жалғыз немересі Балжан Нұрпейісовамен қалай кездескені, оның ұрпақтары туралы әңгіме өрбітті. Кеште Нәсіп Нұрсұлтанқызының қызы ауданымызға белгілі тіс дәрігері Айгүл Жармұхамбетова әлемдік тұлға Дина әжейдің келбетіне тоқтала отырып, отбасында сақталған құнды суретті Орал қаласынан келген экспедиция мүшелеріне бермей, оны тәбәрік ретінде ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап сақтайтынын жеткізді.
Танымдық шарада өнер мектебінің ұстаздары А.Жаһина, А.Қабдолова мен «Балдәурен» ұлт-аспаптар ансамблі күмбірлетіп Динаның күйлерін орындаса, ән салу мамандығының ұстазы Г.Кенжешова «Туған жер» әнін шырқады.
Иә, Дина әжейдің өмір жолы өте күрделі, тағдыры сынаққа толы болғаны белгілі. Тұла бойына тылсым өнер дарыған күйші өткен ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамында әйел баласының басында кездесетін сан түрлі қиындықты жеңіп, өзіне жүктелген аманатты келешек ұрпаққа аман тапсырды. Ол аманат – қазақтың күйі, домбыра шанағындағы тылсым дүние болатын. Рухың биіктей берсін, бар қазақтың анасы – құдіретті Дина әжей!
Айнагүл Шакупова