Сейсенбіде аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Ғаділханұлы Қиғаш ауылдық округі әкімінің есебіне қатысып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Округ әкімі Марина Николаевна атқарылған жұмыстар легіне тоқталып, алдағы жоспарын да баяндады. Сонымен қатар кездесуде тұрғындарды толғандырған мәселелер кеңінен талқыланып, елді мекендерді дамыту мақсатында атқарылатын жұмыстар сараланды.
Ауыл әкімінің есебі тыңдалған соң тұрғындар талап-тілегі мен көкейде жүрген сауалдарын жолдады. Сауалдардың дені жергілікті полиция инспекторы жұмысы, жарықтың жиі сөнуі, интернет желісінің баяу қызметі турасында болды.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев тұрғындар тарапынан қойылған мәселелердің шешілу жолдары бойынша нақты жауабын берді. Кейбір мәселелерді зерттеу қажетін айтып, бөлім басшыларына тапсырма берді.
Сондай ақ, биыл қысқы дайындық бойынша Қиғаш ауылының ауылішілік су құбырына ағымдағы жөндеу жұмыстары, Қиғаш, Нұрпейісова елді мекендерінен спорттық алаң құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, қазіргі таңда аталған жобаларды іске асыру жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.