Көгілдір отынға қосылу төмен

(0 Votes)

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев прокуратура, дербес бөлімдер, газ және ауыз сумен қамтуға жауапты мекеме басшыларымен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге Азғыр өңірінде болып, Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтері әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру жиынына қатысты.

img_9100

Асан ауылдық округінің әкімі Гүлім Қабдражитова округтің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындысы бойынша есеп берген соң, аудан әкімі Қайрат Талапұлы:

– Округте газ қосу кезінде бір құбырдан ақау шығып, мердігер мекеме қалпына келтірді. Осыған орай көгілдір отын беруде аздаған кідіріс болды. Бүгінде үш округке де газ келіп тұр. Бұл жердегі мәселе оған қосылу. Мысалы, осы Асан ауылын айтатын болсақ, 110 үйдің 7-сі газ желісіне қосылған, 7-сі техникалық шарт алған, 13-і оған құжаттарын тапсырған. Үштаған ауылында 114 үйден газге қосылғаны үшеу, техникалық шарт алғаны үшеу, оған тапсырғаны екеу. Халық тұтынбаса мердігер оны жеткізуден бас тартады. Қазір ақысын өздері төлеуде. Әрі құбыр бойында конденсат көбейіп, дұрыс жүрмейді. Жалпы алғанда Азғыр өңірі бойынша көгілдір отынға қосылу өте төмен. Осыншама қаржы шығарып тарттырғаннан кейін бұл мәселені қолға алуды сұраймыз. Сонымен қатар қазір Үштаған мен Асанға ішкі су жүйелері, Сүйіндіктен магистраль тартылып жатыр. Азғыр жолындағы 11 сор бойынша былтырғы жылы мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жолдың 36 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарына ЖСҚ жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Интернет, ұялы байланыс та биыл шешіледі, - деп аудан бойынша атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталды.

img_9108

img_9112

«Біздің «Серперіміз» қайда?

Есеп беру жиынында Асан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Әліпов газ негізгі көшеде жоқ екенін, қасқыр көбейіп кеткенін тілге тиек етті. Жастар атынан сөйлеген Мархат Тұрланқызы ауылға дарындыларды көтеретін мәдениет үйі қажеттігін айтып, Еріктілер жылында Азғыр жастары қоғамдық шаралардан тыс қалмасын деген ұсынысын ортаға салды.

Үштаған ауылының тұрғыны Нұржамал Қасымова: – Зейнеткер болсам да ауданымыздың жаңалықтарын біліп отыру үшін «Серперге» жазылдым. 40 жыл жұмыс жасадым. Ол газетке өмір бойы жазылып жүрмін. Шыққан басылым бізге 15-20 күннен кейін жетеді. Былтыр тіпті бірнеше нөмірі қолыма тимеді. Содан пошта меңгерушісіне барып айттым. Неге біз аудан өмірінен уақытында хабардар болмаймыз? Округ әкіміне шықсам, мұндай себеппен менен басқа да біраз адам арызданыпты. Жазылған газетіміз түгел келмейтіні несі? «Қазпоштаның» аудандағы басшысынан осыған жауап беруді сұраймын,– деді.

img_9117

«Қазпошта» АҚ аудандық пошта байланысы торабының басшысы Виктор Түсекеев өз жауабында: – Пошта таситын көлікке Атыраудан бермен қарай 300 және Азғырға дейін 300 шақырым жүруге тура келгендіктен олар тозды. Былтырғы тамыз айында екі көлік алынғанынан хабардармыз. Алайда оны бізге тапсыру әлі де шешіле қоймауда. Желтоқсаннан бастап Сүйіндік ауылдық округіндегі бір жеке кәсіпкермен келісімшартқа отырдық. Соған орай екі көлік келгенге дейін пошта Азғырға бір рет, сәрсенбі күні жеткізіледі. Аудандық газетіміз аптасына 1 рет шығады. Газет түгел келмесе жергілікті пошта меңгерушісіне хабарласыңыз, сол нөмірін жібереміз, - деп бұл жұмыс биылдан бастап реттелетініне сендірді.

Теңгерімге алынбай тұр

Асан ауылдық округі әкімінің есеп беруінде «Қазтрансгазаймақ» АҚ аудандық филиалының басшысы Рүстем Нәсиболлаев: – Тартылған газ құбырларын теңгерімге алып, қызмет көрсету үшін 100 миллиондай қаражат бөлінеді. Себебі оған штат, техникалар қажет. Сол ақша тапсырыс беруші Энергетика басқармасы тарапынан шешілмегендіктен бұл жұмыс тоқтап тұр. Газ құбыры жарылыс қаупі бар нысан болғандықтан ешкім мойнына алмайды. Енді аудан әкімінің және біздің жұмыстануымыздың нәтижесінде келісімшарт жасалуда. Оған қол қойылғаннан кейін штат, техника алып бұл қызметті бастаймыз. Бүгінде Азғырдағы 10 елді мекенге 10 адамды белгілеп қойдық. Кеткен кейбір ақаулар жайлы айтсақ мердігерді қайта шақыртып жатырмыз. Кеше бригада келді. Балқұдық пен Сүйіндікті біздің мамандарға көрсетіп болды, сіздерге де жеткен шығар, - деді.

img_9111

 

img_9122

Тұрғындар жиынының соңында аудан әкімі Қайрат Талапұлы Үштаған дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Жасталап Ізбановқа медициналық ұйымдар ассоциациясының «Алтын дәрігер» төсбелгісін табыс етті.

img_9134

Қ.ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT