Дені сау бала 1,5 жасқа толған кезде естіген дыбысына жауап ретінде қимыл-әрекет жасау керек. Бұл жаста үлкендер секілді ойлап, сөйлеу қабілеті де дамиды.
Жалпы, баланың дамуы кезінде тісінің қисық шығуы, таңдайы мен тілінің жырық болуы, аузын еркін аша алмауы – мұның бәрі тіл мүкістігіне әсер етеді. Сондай-ақ, туғаннан баланың есту қабілеті нашар болса, айтылған сөзді құлағында сақтап қала алмайды. Сол себепті де сөздерді анық айтпайды. Тағы бір әсер ететін фактор – жүйке жүйесінің зақымдалуы. Яғни, бала кішкене кезінен белгілі бір жағдайда қатты қорықса, шошынса да сөйлеу кезінде қиналады. Жалпы фонетикалық өзгерістердің бала тілінде болуы заңды құбылыс. Балалардың кейбір дыбыстарды айта алмауы немесе ұқсас дыбыстармен айтуы бала тілінің артикуляциялық базасының әлі толық қалыптаспағандығынан деп түсінген жөн. «Есейген соң өзі түзеліп кетеді» деп, көбінесе ата-аналар ондай ақаулықтарға мән бермейді.
Дұрыс сөйлеуді қалыптастыру үшін…
Кейде ата-аналар: “баламен жұмыс істеуді қашан бастау керек?”, – деп сұрап жатады. Баламен ауызша сөйлесуді, жалпы жаттығуды кішкентай кезінен бастаған дұрыс. Ата-аналардың қателігі 3 жасқа дейін баласы сөйлемесе оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ерте жастан баланы маманға қаратса, соғұрлым нәтижесі де жақсы болады. Балада дұрыс сөйлеу қалыптасу үшін ұсақ моториканы дамыту керек. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ағзадағы барлық қозғалысқа жауап беретін ми қыртыстарының үштен бір бөлігінің жүйке нүктелерінің кескіні алақан мен саусақтарда орналасқан. Сондықтан зерттеушілер алақанды “екінші тіл” деп те атаған. Яғни, екі алақан мен саусақтардың ұсақ моторикасын дамыту арқылы баланың есте сақтау, ойлау, пайымдау, зейін салу, сөйлеу сияқты т.б қабілеттерін жақсарта аламыз. Ал оны дамытуды баланың 8 айлығынан бастаған дұрыс.
Қажымғалиева Клара Өмірзаққызы,
Құрманғазы ауданы білім бөлімінің №5 психологиялық педагогикалық түзеу кабинетінің меңгерушісі