Рахмет Иманғалиев ағамыздың есімі облысымызға кеңіннен таныс. Өткен жұмада Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінде «Нарынның Шолоховы» атанған танымал қаламгер, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Құрманғазы және Исатай аудандарының Құрметті азаматы, облыстық «Атырау» газетінің меншікті тілшісі болып, Еділ мен Жайықтың арасын 40 жылға жуық уақыт шарлаған, отызға жуық кітаптың авторы Рахмет Иманғалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Шындықты ту еткен қаламгер» атты портреттік кеш ұйымдастырылды.
Аталған мәдениет үйінің өнерпазы Самат Саламатов жүргізген кеш Р.Иманғалиевтің өлеңдерін оқу, өмірдерегінен дайындалған бейнероликті тамашалаумен басталып, шараның ресми бөлігіне ұласты.
Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Бірәлиев кеш кейіпкерімен әріптес болған бір топ қаламгерлерге уақыт бөліп келгендері үшін алғысын айтып:
– Рахмет ағамызды журналистикамен қатар, тарихшы, өлкетанушы деп айтсақ артық болмас еді. Себебі, туған жердің тарихын зерделеп, жер-су аттарының қалай шыққанын іздегенімде біздің Дәшін, Зормата атауларының түп-төркінін ағамыздың кітаптарынан тапқан болатынмын. Сонымен қатар, драмалық шығармалары да бар. Біз кезінде аудан орталығында қарақшылар туралы детективін сахналағанбыз, – жылы лебізбен еске алып, қатысып отырған ұрпақтарына Естелік хатын табыс етті.
Жаңаталап ауылдық кітапханасының меңгерушісі Гүлжан Қалиева Р.Иманғалиевтің кітаптарына «Туған жердің тау тұлғалы тарланы» атты библиографиялық шолу жасады. Сахна төріндегі экраннан Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, журналист, ақын Таңатар Дәрелұлы, білім және мемлекеттік қызметтің ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаровтың бейне сәлемдемелері тыңдалды.
Келесі кезекте журналистика ардагерлері Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Асқар Ғұмаров, Мәдат Сәрсекеев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлығайын Нұғыманов сөйлеп, Р.Иманғалиевтің қаламгерлік қарымына, қадір-қасиетіне тоқталып, өткен шақты көз алдымызда мөлдіреткен әдемі естеліктерімен бөлісіп, осындай шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Есмұхан Жанизин тебірене сөйлеп, қаламгерге шығарған арнау өлеңдерінің бірін оқып берді.
Ұрпақтарынан қызы Данаш Рахметқызы сөйлеп:
– Әкеміз журналистік қызметі мен жазушылықты қатар алып жүрді. Журналист болып 75 жасқа толғанша еңбек етіп, тек 2009 жылы тоқтатты. Оған тән ерекше қасиеттер – еңбекқорлық, төзімділік, табандылық. Алға қойған мақсаттарына үлкен шығармашылықпен қол жеткізіп, іске асырды деп ойлаймыз. Туындылары кітап болып жарыққа шыққанда қалай қуанғанын көрдік. Ашып, қолтаңба жазып, алдымен бізге беруге дайындап қоятын. 11 бала тәрбиелендік, соның жетеуі қыздар. Бәрімізге де үлкен қамқорлықпен қарап, жоғары білім алуымызға жағдай жасады. Ұрысып сөйлемейтін. 54 жыл қаламға адал қызмет қылды. «Журналистің аяғы мен қолы бірдей жұмыс жасауы тиіс. Аяғымен барып көреді, қолымен тыным таппай жазып жеткізеді», деп отыратын, – деді.
Ұлы Балағазы Рахметұлы бүгінде 11 ұрпақтан 14 немере, 18 жиен, 44 жиеншар, бір шөбере бар үлкен әулет болып отырғандарын жеткізіп, әкелерін сағынышпен еске алып, портреттік кеш ұйымдастырған Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Бірәлиевке, мәдениет үйінің директоры Болат Бидоллаевқа шынайы ризашылығын айтып, қатысып отырған қаламгерлермен бірге естелік сый-кәде табыстады. Әрине, қандай шараның да көркін әсем ән кіргізетіні анық. Бұл ретте Г.Жұмалиева, А.Қуаныш, Р. Дайынбек, Р.Исмағұлов, А.Алтынбекқызының өнерлері қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қанат ҒҰМАРОВ