Қарттарын қадірлеген ел ардақты

(0 Votes)

Тәуелсіз елімізде қариялар күні 1991 жылдан берi кең көлемде аталып келедi. Қазан айының бiрiншi жұлдызына тап келген мейрам жыл сайын ескiнiң көзiндей болған қазыналы қарттарымыздың бiр сәтке болса да көңiлiн көтерiп, өмiрiне қуаныш сыйлауда үлкен тәрбиелiк мән атқаратыны белгiлi.

Осы мақсатта С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.

Самайларын ақ шалған аға буын мен бүгінгі ізбасарлары бас қосқан ұрпақтар сабақтастығы жиынында аудан әкімі Абат Жанғалиев құттықтау тілегін арнады.

- Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Өйткені, ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі, - деп үлкен ізетін білдірген аудан басшысы мерейлі мерекеге орай бірқатар ардагерлерді өзінің Алғыс хатымен ұлығылады.

Келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимов іргелі ұйымның жыл ішінде атқарған игілікті істерінен қысқаша хабардар етіп, үлкендік өнегелерімен ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосып жүргендерге облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының Алғыс хатын табыстады.

Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева да құттықтау тілегін тебірене жеткізіп, ардагерлердің бір тобын жергілікті өкілді органның Құттықтау хатымен марапаттады.

Салтанатты шарада аудандық мәдениет үйінің әншілері Заря Қуанышқызы, Раушан Оразбекқызы, Ермек Айсын, Гүлзада Жұмалиевалармен бірге аға буын өнер майталмандары Айман Бердешова, Ғалижан Ысмақов, «Нұршуақ» әжелер ансамблі өз өнерлерін көрсетті.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT