Қазақта «Еңбек түбі – бейнет, бейнет түбі – зейнет» деген жақсы нақыл сөз бар. Осы айтылғандай, саналы өмірін ер еңбекке арнаған әр адамның өнегесі жастайынан бойына сіңірген тәлім-тәрбиесі мен алған білімімен, жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен атқарған тынымсыз еңбегінің нәтижесімен өлшенері анық.
Ел ағасы атанған шағында отбасына қадірлі, ортасына сыйлы, қызметінде құрметті болса одан асқан биік медет те жоқ шығар. Құрметті зейнет демалысына шыққалы отырған ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қызмет ардагері Сақтапберген Хилуұлы Ертілеуовті абырой биігіндегі жандардың санатына жатқызуға әбден лайық адам.
Еңбек жолын сонау 1982 жылы Гурьев ауыл шаруашылығы техникумын техник-механик мамандығы бойынша бітірген сәтінен бастады. Жас маман өзі туған Кудряшов ауылындағы машина-мелиоративтік стансасында инженер қызметін абыройлы атқарды. Еңбектен қол үзбей жүріп Атырау инженерлік-гуманитарлық институтын «мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, жоғары білім алып шықты. Қолынан іс келетін жас мемлекттік қызметке тартылып, Байда, Кудряшов ауылдық округтерінің әкімі қызметінде болды. Кейіннен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде балық аулау мен өңдеу саласына жауапты маман ретінде ата кәсіптің өркендеуіне өлшеусіз үлес қоса білді.
Мемлекеттік қызмет заңдылығына сай зейнет жасына шыққаннан кейін де бір жыл келісімшартпен еңбек етті. «Жүйесін тауып жұмыс қыл, жерін тауып тыныс қыл» дегендей, еселі еңбегімен еленген азаматты аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев қабылдап, құрметін көрсетті. Ризашылық сезімдерге толы Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, шарада аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Нұрлыбек Төлепов,
Кудряшов ауылдық округінің әкімі Жасұлан Сүндетов,
жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуаныш Имашевтер сөз алып, аға буын әріптесі жайлы жылы лебіздерін білдірді. Соңында құрмет иесі Сақтапберген Хилуұлы да толқи сөйлеп, көрсетілген ілтипат үшін разылығын жеткізіп, ізбасар інілеріне абыройлы жол тіледі.
Айбек МЕЙІРМАН