Аудан әкімдігі аппаратының басшысы Қайрат Бөлеков қарапайым еңбек адамы, аудан әкімдігінің техникалық қызметкері Сыналбек Дощановты мерейлі жасқа толуына орай қабылдады.
Мерейгерге арналған жылы лебізін жеткізген аудан әкімі аппаратының басшысы Қайрат Қуандықұлы: – Бүгінгі басқосуымыздың басты себепкері – Сыналбек Мусаұлы мерейлі 60 жасқа толып отыр. Бұл азаматты өздеріңіз жақсы білесіздер, арамызда жүрген еңбекқор әріптесіміз. Біздер лауазымды қызметте жүргендер, қарапайым жұмысты атқаратындар, кім болсақ та адами қадір-қасиетіміз жағынан бәріміз де бірдейміз. Әрқайсымыз өзімізге тапсырылған жұмысты атқарып, ортақ іске үлесімізді қосамыз. Қарапайым қызметте жүрсе де Сыналбек Мусаұлы ұзақ жылдар бойы аудан әкімдігінде адал қызмет етіп, ұжымның және достарының құрметіне бөленген азамат. Мерейлі жасыңызда сізге жарқын да мағыналы өмір, кіршіксіз көңіл, отбасы амандығын тілейміз! Қызыққа толы ғұмыр кешіп, көпшіліктің ыстық ықыласы мен ризашылығына бөлене беріңіз. Еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басыңыздың кіршіксіздігі өзіңіздің отбасыңыздың ғана емес, қанаттас қатар жүрген әріптестеріңіз үшін үлкен мақтаныш,– деп жеке басына және отбасына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақ пен береке тілеп, аудан әкімінің Құттықтау хатын табыс етті.
Қатысушылардан аудан әкімі аппараты жалпы бөлімінің, құқықтық қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру дайындығы бөлімінің бас мамандары Айнұр Хидуллина, Гүлмира Рахметова, техникалық қызметкер Рима Мұстахишева сөйлеп ізгі тілектерін арнады. Қабылдау соңында Сыналбек Дощанов пен жұбайы Шолпан көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ