Ұйымдастыру жұмыстарына мән берілді

(0 Votes)

«AMANAT» партиясы аудандық филиалында аталған партияның Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев, Құрманғазы аудандық бөлім басшылары, округ әкімдері, БПҰ-ның жетекшілері қатысқан актив отырысы өтті.

Актив отырысын аудандық филиалдың төрағасы Ерлан Хисметуллин ашып, күн тәртібімен таныстырды. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Уалитханұлы жасалған жұмыстардан хабардар етіп:

– 2024 жылы партияның аудандық филиалына қарасты 19 бастауыш партия ұйымында 2234 мүше тіркелген. Есепті кезеңде филиалмен және бастауыш партия ұйымдарымен 55 іс-шара ұйымдастырылып, БАҚ-да – 6, Facebook, Инстграмм әлеуметтік желілерінде – 129 материал жарияланды. Іс-шаралар демеушілер қолдауымен және трансферт қаражаты есебінен жүргізілді. Партияға қабылдау жоспары 170 адам болса, 158 адаммен қатарымыз толығып, 92,9% орындалды. Халықпен кері байланыс орнату мақсатында 101 қоғамдық қабылдау бөлмесімен 268 азаматтар қабылданды. Осы қабылдауларда барлығы 315 өтініш тіркеліп, оның 154-і бойынша оң шешім қабылданып, 161-іне түсініктер мен кеңестер берілді. Ауданымыз бойынша 3 мобильді қабылдау өтіп, онда 9 өтініш тіркеліп, 4-і қанағаттандырылып, 5-і кеңес берумен аяқталды,– деп басқа да атқарылған іс-шараларға тоқталды.

Келесі кезекте күн тәртібіне сай «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Есболат Құбашев, Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсотов, «Құрманғазы» бастауыш партия ұйымының хатшысы Жалғас Сағындықов, «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі, Құрманғазы аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Аян Жексенбайдың атқарылған жұмыстар туралы хабарламалары тыңдалды.

Аудандық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Болатбек Өтегенов сөйлеп, жасалған жұмыстарды қанағаттанарлық деп бағалады. «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев:

– 2024 жылдың қорытындысы бойынша партияның Құрманғазы аудандық филиалы үздік деп танылды. Енді республика бойынша да жоғары нәтижеге жетеді деген ойдамыз. Жалпы «AMANAT» партиясы көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Соны ақпараттандыру өте төмен. Осыны жолға қою қажет. Былтыр «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 6 мыңнан аса адамды оқыттық. Биыл 13 мың адамды оқытуды жоспарлап отырмыз. Оның 70%-ы онлайн, 30%-ы ауданға келіп оқытылады деп күтілуде. Негізінен банкке берешегі 90 мыңнан асып кеткендер қамтылады. Өткен жылы «Жер аманаты» жобасы бойынша 93 мың гектарды қайтардық. «Құқықтық кеңес» жобасы да жүзеге асуда. Ол бойынша 95 адам келсе, 90-ның шаруасы шешілді. Заңгерлік кеңес ақылы, біз тегін көрсетеміз. Жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда әкімдер мектебін құру қажеттігі айтылды. Бұл да орындалып, партиямыз жанынан құрылып, онда түрлі дәрежедегі әкімдер оқуда. Бізде биылғы жыл – «Бастауыш партия ұйымдары жылы» болып жарияланды. Соған орай, БПҰ-на арналған форум жоспарлануда. Осы жылы бір-екі айда партияның съезі өтеді деп күтілуде. Соңғы кездері тұрғындар партиялық фракция мүшелері үстінен арызданып, «Депутаттар бізбен кездеспейді» дейді. Сондықтан халықпен жиі кездесіңіздер. Қазір бізге «Ауыл аманаты» жобасы бойынша квотаны көбейту жөнінде ұсыныстар түсуде. Жұмыссыз жастармен жұмыс жасауымыз керек,– деді.

Ұйымдастыру жұмыстарына қатысты «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Абзал Мақсотұлы, филиалдың саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Жасқыран Жолмұханов, партиялық ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі Әміржан Құлмашев өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Актив отырысын «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин қорытындылап, облыстан келіп қатысып жатқан әріптестеріне ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT